Алматы әкімі Ерболат Досаев аурухана қызметкерлерімен кездесті

Алматы әкімі Орталық қалалық клиникалық аурухананың қызметкерлерімен кездесіп, Телемедицина орталығы мен медициналық мекеме бөлімшелерінің жұмысымен танысты.

Ерболат Досаев аурухана қызметкерлеріне қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде қызметтік борышын кәсіби атқарғаны үшін алғыс айтты. Қызметкерлер жарақат алғандар мен зардап шеккендерге, әскери және азаматтық тұлғаларға бас сүйек-ми және атыс жарақаттары бар адамдарға көмек көрсетті.

Қаңтардың қайғылы оқиғалары кезінде клиникаға барлығы 300-ден астам зардап шеккендер жүгінді. Дәрігерлер 250-ден астам операция жасады. Көптеген пациенттерге олардың жағдайын тұрақтандыру және өмірге қауіп төндірмеу үшін алғашқы шұғыл ота жасалды.

Кездесу барысында қала басшысы қабылдау бөлімінің, ота залының, реанимация және офтальмологиялық бөлімшенің жұмысымен танысты.

Алматы әкімі балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа корпусы құрылысының барысын бағалады. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Кездесу соңында Е. Досаев медициналық мекеме және Қоғамдық денсаулық басқармасының басшылығымен  өзекті мәселелерді және одан әрі даму жоспарларын талқылады.

Орталық қалалық клиникалық аурухана – Алматы қаласындағы ең ірі көпбейінді стационарлардың бірі. Мұнда жалпы 655 төсек-орын қоры  бар.

Ауруханада 20 бейін бойынша 18 клиникалық бөлімше  және 1224 негізгі қызметкер, оның ішінде 231 дәрігер және 451 мейірбике жұмыс істейді.

Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы – Алматы қаласы мен республиканың барлық тұрғындарына тәулік бойы білікті және жоғары мамандандырылған медициналық және диагностикалық шұғыл әрі жоспарлы көмек көрсететін ірі көпбейінді клиника.

Қазіргі уақытта стационарда 275 төсек орын бар. Аурухананың жоғары білікті мамандары – 4 медицина ғылымдарының кандидаты, 43 дәрігердің жоғары және бірінші біліктілік санаттары бар.