Павлодардағы құсбегілер чемпионаты жас бүркітшілердің басын қосты

Құсбегілік - қазақта атадан балаға жалғасқан ақсүйек өнер. Жыртқыш құсты қолға үйретіп, саятшылық құрған бабаларымыз оған күнкөріс көзі ретінде қараған. Қазір бұл өнер ұлттық спорттың бір саласына айналды. Павлодарда өтіп жатқан республикалық құсбегілер чемпионаты жас бүркітшілердің басын қосты.

Көнекөз қариялар құсбегілік қанмен берілетін өнер дейді. Жасы жетпіске таяған Әлен Сәмекұлы 12 жасынан бастап құс баптаған. Тек Моңғолиядан атажұртқа қоныс аударғанда жеті жылдай үзіліс болғанын айтады. Бүгінде Павлодар облысының Ақтоғай ауданында тұратын Әлен аға бүркіт ұстаудың қыр-сырын немерелерімен бірге «үйренемін» деген барлық жастарға насихаттап жүр.  

Әлен Сәмекұлы, құсбегі:

- Мына бүркітті атам қазақ екі жолмен ұстаған. Бірінші ұядан алады. Екінші тормен ұстап алады. Оны дүз құс дейді. Дүз құс болғанда жақсы ол, практика жеткілікті. Ал мына қолбала болғанда балапан құсты өзін баулып үйретпесең, оның қасында енесі тұрған жоқ қой. Балапанды ұядан алады. Ұядан алғанда мына қылыш дейді ұшын жүні қауысып тиіп келген кезде алған дұрыс болады. Кішкене ақүрпек кезінде алған өте кісіге бауыр басып кетеді, ана қанат құйрығы жетіліп келе жатқанда алған балапан жақсы болады.

Құс отыз жыл жасайды. Бірақ тоғыз-он жыл ұстағаннан кейін еркіне жіберген дұрыс дейді Әлен ақсақал. Өзінің қолында қазір екі бүркіт бар. Оның біреуін немересі мертігіп қалған жерінен тауып алыпты. 

Нұрбол Бақытбек, құсбегі:

- Ақтоғайда жүргенде бауырым жазықта жүрген. Сол жерде мертігіп қалған жерінен тауып алды. Содан енді аңға қиянат жасағанша қолға ұстады. Атам өзі бүркітші, емдейді оның бәрін енді міне жарыстарға алып жүрміз.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Құсбегілік атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлы өнер. Соңғы кездері жастар арасында кеңінен қызығушылыққа ие болып отыр. Мына менің қолымдағы құстың аты Дауыл жаңа ғана жарысқа қатысып өзінің өнерін көрсетті. Құстың ашуланып тұрғанын көріп тұрсыздар. Жалпы бұл құсты сылап-сипап, балаша мәпелеп бағу керек екен. Олай болмағанда өзінің иесіне қарсы шығады дейді. Қанша дегенмен қыран құс, жабайы құс.

Жарыс Павлодардағы «Құлагер» иподромында өтіп жатыр. Құсбегілер бүркіт, қаршыға, қырғи, ителгілерін алып Қазақстанның әр өңірінен келіпті. Чемпионаттың алғашқы күнінде олар құсты қолға қондырудан сынға түсті.

Бағдат Мүптекеқызы, "Қыран" федерациясының атқарушы директоры:

- Республика бойынша сол 200-ге жуық қазір құсбегі бар. Бұрын тек осы бүркітпен бастағанбыз сол жаңағы Жалайыр жора бүркітшілер мектебі басталған кезде. Ал енді қазір сол бүркіттің қатарына қаршыға, ителгі содан кейін осы қырғи осындай көптеген жаңағы ұсақ құстар қосылды қатарға, соған қуаныштымыз.

Бәрінен де ұлттық өнерге жастардың көптеп келуі қуантады. Қатысушылардың ең жасы 12-де. Қансонарға Алматы, Атырау, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облысынан 12 команда келген. Кезінде Ертіс өңірінде де  атағы  шыққан  саятшылар болыпты. Өңірде бүркітшілер мектебі болмағанымен құс баптап, саятшылыққа ден қойғандар қатары жылдан жылға көбейіп келеді.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат