Түркістан облысында кітапхана ғимараты бой көтермек

Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданында әр мекемеге көшіп-қонып жүрген орталық кітапханаға арнап жаңа ғимарат салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

100 мың кітап қоры бар рухани мекеме қазір мәдениет үйінің бір бұрышына уақытша жайғасқан. Құрылысы қызу жүріп жатқан нысан тамыз айында пайдалануға берілмек. Жоба бойынша екі қабатты ғимараттың оқу залы кең, кітап сақтау аймағы барлық талапқа сай болады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы пандус пен лифт қойылады. 13 мың тұрақты оқырманы бар мекеменің құрылысына республикалық бюджеттен 330 миллион теңге қаралған.

Жандарбек Сұлтанбеков, Бәйдібек аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Көптеген кітаптар қазір мәдениет үйінің жер төлесінде қоятын орын болмағандықтан сонда жатыр. Оның бәрін шығарып қоюға мүмкіндігі жоқ. Соған байланысты 100 мың кітап қорына арналған кітапхананың құрылысы жүргізілуде. Бұйырса, биыл тамыз айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.