М.Қоғамов: Құқық қорғаушылардың сыни ойлауын жоғарылату керек

Тергеу кезінде қысым көрсеткен полицейлер 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еске салсақ, Бас прокуратура қаңтар оқиғасына қатысты тергеу кезінде тәртіп сақшыларының заңсыз әрекетін әшкерелеген еді. «Қызметін асыра пайдаланып, тергеу кезінде қысым көрсетті» деген айыппен 105 қылмыстық іс қозғалған. Сарапшы Марат Қоғамовтың пікірінше, әр іске қатысты тергеу амалы 2 айдан артық ұзауы мүмкін. Себебі қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану ұғымы бірнеше заң бұзушылықтан құралуы мүмкін. Яғни, азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тарту, тергеу кезінде азаптау, арандату, құжаттарды қолдан жасау сынды бірқатар жайттар ескерілуі тиіс. Сәйкесінше, олардың әрқайсысы қылмыстық жазаны ауырлата түседі. 

Марат Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, профессор:

– Алматыда және өзге өңірлерде болған жағдайда полиция мен әскери қызметшілеріміздің сыни ойлау қабілетінің төмендігі байқалды. Бұл менің жеке пікірім. Иә, әрине, олар өз-өзін, қоғамды, мемлекеттік нысандарды қорғауға заңды тұрғыдан еш шектелмеді, барлық құқыққа ие болды. Десе де, болашақ прокурорларды, жедел тергеу жүргізетін кадрларды даярлайтын арнайы жоғарғы оқу орындарындағы бағдарламаны түбегейлі өзгертетін уақыт келді. Яғни оқу бітіргенде қылмыстық жағдай мен тұрмыстық жағдайдың аражігін ажырата білуі керек.