Үй жануарларын жерлеу, қаңғыбас ит-мысыққа қамқорлық. Заңға қандай өзгерістер енгізіледі?

Қаңғыбас иттер павлодарлықтардың мазасын қашырды. Көше кезген төрт аяқтылар, әсіресе, қыс мезгілінде көбейіп кетеді. Өткен жылы облыс орталығында 12 мыңнан астам ит-мысық ұсталған. Мамандардың айтуынша, жаңадан қабылданатын заң ветеринарлық қызмет саласын түбегейлі өзгертіп, мәселені реттеуге септеспек. Заңға қандай өзгерістер енгізіледі? 

Людмила Курилина зейнетке шыққан соң зооволонтерлікпен айналыса бастаған. Бүгінде үйінде 20-дан астам мысық бар. Қамқор жанды тұрғындардың қатыгездігі таң қалдырады. Себебі, пәтеріндегі төрт аяқтылардың барлығы – тастанды үй жануарлары.

Людмила Курилина, зооволонтер:

– Қызым Мексикада тұрады. Бұл ел кедей болса да, үй жануарларын қорғау жұмыстары дұрыс жолға қойылған. Мәселен, ит немесе мысықтың өлексесін жағатын арнайы қызмет бар. Бұны төрт аяқтыларға ізгілікпен қараудың жолы деп білемін. Осындай тәжірибе бізде де болса, жақсы болар еді.

Людмила Курилина сияқты жандар саусақпен санарлық. Қаңғыбас ит-мысықтардың 90%-ін тұрғындар далаға тастап кеткен. Бұл – ресми дерек. Олардың бір бөлігі оңалту орталықтарына тапсырылады. Қалғаны көше кезуге мәжбүр. Мәселен, осы жерде жүздеген жануар бар.

Жануарларға жауапкершілікпен қарау жөніндегі заң жобасы саладағы бірқатар мәселені түбегейлі шешпек. Заңнама күшіне енген соң қаңғыбас иттерді атуға тыйым салынады. Ұсталған жануар сау болса, зарарсыздандырылады. Ауру екені анықталса, ұйықтатады. Ал қожайындары табылып жатса, кері қайтарылады.

Бақытжан Әбдірахманов, қалалық Ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

– Жануарларды стерильдеу жұмыстары демеушілік көмек есебінен жүргізіледі. Ал заң күшіне енген соң бұл шараларға мемлекеттен қаражат бөлінбек. Сонда нақты іс-әрекет алгоритмі қабылданады. Әзірге жұмыс механизмі қалай болатыны белгісіз. Өткен жылы облыс орталығында 200-ге жуық мысық стерильдеуден өткізілді. Ал иттердің саны тым аз. Алдағы уақытта бұл жұмыс реттеледі.

Жануарлар жанашырларын тағы бір проблема алаңдатып отыр. Елімізде төрт аяқтыларды тек арнайы пештерде жағу қарастырылған. Ал өлексесі биологиялық қалдыққа теңестірілген. Яғни, мал қорымына тасталуы керек. Еріктілердің пікірінше, бұл адамшылыққа жатпайды.

Мария Гребенкина, үйсіз және жарақаттанған жануарларды оңалту орталығының жетекшісі:

– Заңнамада үй жануарларын жерлеу қарастырылмаған. Өлекселер биологиялық қалдық ретінде жойылуы керек. Алайда кей азаматтар төрт аяқты достарын жерлегісі келеді. Бұл мәселе оңтайлы шешілсе деймін ойлаймын. Жерлеуге немесе кем дегенде күлін жерлеуге рұқсат етілсе деген тілек бар.

Заңнама бойынша ит-мысықтарды уақытша ұстау орындарын қаржыландыру да жүзеге асырылады. Бірақ жұмыс алгоритмі нақтыланбаған. Әзірге ұсыныстар қабылданып жатыр.

Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат