Павлодар облысында нашар жол үшін әкім жауапқа тартылды

Павлодар облысында ауылдық округ әкімі жолдың нашарлығы үшін жауапқа тартылды.

Полиция департаментінің хабарлауынша, тексеріс барысында Успен ауылындағы орталық көшеде мұз бен қар салдарынан жүргінші жолының тазаланбай қалғаны анықталған. Бұл олқылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ауылдық округ әкіміне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, ескерту жасалып, жолды қалыпқа келтіру жөнінде тапсырма берілді.

Айта кетейік, бұл жиі кездесетін құбылыс. Бұған дейін Ертіс өңірінде 35 мыңнан астам шақырымдық жол учаскелері тексерілді. Бас-аяғы 1300 жоспарлы тексеріс жүргізілді. Мамандардың айтуынша, жолдарды дұрыс күтіп-ұстамау, жол белгілерінің қирауы, көктайғақ кезінде құм сеппеу, қардан тазаламау сияқты бұзушылықтар жиі кездеседі. Бұған жол берген 250 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. Олардың 21-і жергілікті атқарушы органдардың жетекшілері болып шықты.