Елде тьютор тапшы: жалақы мардымсыз

Елде тьютор тапшы: жалақы мардымсыз

Елімізде 112 мыңнан аса ерекше білім беруді қажет ететін бала бар. Алайда олармен жұмыс істейтін педагог-ассистенттер тапшы. Соңғы жылдары мұндай мамандардың саны 1200-ден cәл асқан. 

Елордадағы №89 мектеп-лицейде 40-қа жуық ерекше бала оқиды. Қамқорлық қорының қолдауымен оларға арнайы инклюзия кабинеттері жасақталған. Ал мамандар балалардың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істейді.

Гүлім Көшенова, инклюзияны қолдау кабинетінің кураторы:

– Мысалы, Әлиханның өзінің жеке бағдарламасы болады тестілеудің қорытындысына сәйкес. Сол жерде отырып визуалды қабылдау, егер атауларын дұрыс айтпаған болса,оларды толықтыру, т.б. 25 дағды бойынша осылай толықтырып отырамыз дағдыларын.

Мектепте логопед, психолог, дефектологтар бар. Оларға педагог-ассистенттер көмектеседі. Алайда бұл мамандардың тапшылығы мұнда да сезіледі.

Әлия Алтынова, №89 мектеп-лицейі директорының орынбасары:

– Өз педагогтерімізді біліктілікті арттыру курстарынан өткізіп жатырмыз. Педагогтер қазіргі таңда әр оқушымен арнайы жоспар құрып, жеке оқу бағдарламасымен жұмыс жасап жатыр. Бізде 24 оқушы педагог-ассистентті қажет етеді. 14 педагог-ассистент сол оқушыларға бекітіліп отыр.

Тьюторлар, яғни педагог-ассистенттерге төленетін жалақы мардымсыз. Сондықтан оларды жұмысқа тарту мүмкін болмай тұр. Қазір бас қалада 1500-нан аса ерекше білім беруді қажет ететін бала тұрады. Олармен жұмыс істейтін тифлопедагогтар мен сурдоаудармашыларға да сұраныс артқан. Әрбір мектепте ерекше оқушының кедергісіз оқуына жағдай жасалуы тиіс. Тіпті, ата-ана баласын қабылдайтын білім ошағын алыстан іздеп сабылмауы керек.

Гүлшат Есинова, қалалық білім басқармасының бас маманы:

– Өйткені барлық мектеп басшылары сондай жағдай жасау керек. Лифт керек пе, лифт болуы керек. Оқулық керек пе? Оқулық болуы керек. Балаға 100 пайыз жағдай жасалып тұруы керек.

Педагог-ассистентті көбейтудің маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген еді. Содан бері елде 1200 маман дайындалды. Мектептерде 400 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Мұндағы мақсат – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қоғамға бейімдеу.

Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев