«Қаңтар оқиғасы» бойынша кездейсоқ қамалған адам жоқ – Бас прокуратура

«Қаңтар оқиғасы» бойынша кездейсоқ қамалған адам жоқ. Бұл туралы Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров айтты. Оның сөзіне сүйенсек, тек ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны туралы нақты айғақтар бар тұлғалар ғана ұсталды.

Қазіргі таңда адам өлтіру, ұрлық, тонау, қарақшылық жасағаны үшін бұрын сотты болған 21 тұлға ұсталды. Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, оған қатысу және терроризм актісін жасауға қатысы бар 467 адам қамауға алынды. Олардың жеке басын, отбасылық және денсаулық жағдайын, жасын, қатысу дәрежесін, өз істеріне деген көзқарасын мұқият зерттей келе 76 күдікті тергеу изоляторынан босатылды. «Қаңтар оқиғасы» кезінде бүлікшілер өтіп бара жатқан бейбіт тұрғындарды қатарына қосылуға мәжбүрлеген, дейді Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров.

Ризабек Ожаров, ҚР Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бастығы:

- Мысалы, 5 қаңтарда Алматыда қарақшылар көлігін бермей қойғаны үшін белгілі музыкант, продюсер Б. атып тастаған. Такси, ауыр көліктер мен автобус жүргізушілерін де көшелерді тосқауыл қою арқылы жабуға мәжбүрлеген. Тіпті дәрігерлерге шабуыл жасап, 46 жедел жәрдем, 551 полиция көлігін қиратып, 5 өрт сөндіру машинасын өртеп жіберген.

Семей қаласында әкімшілікті және әскерилерге тиесілі "ТИГР" арнайы көлік құралын басып алуға қатысушылардың бірі ұсталды. Күдіктінің кінәсі оның ұялы телефонынан табылған бейнежазбамен дәлелденді. Ол уақытша ұстау абақтысына жабылып, сот санкциясымен қамауға алынды. Жараланғандардың басым көпшілігі қауіпсіздік күштерінің өкілдері. Ауруханаға түрлі жарақаттармен түскен қызметкерлердің саны 3400-ге жуықтайды.

Ризабек Ожаров, ҚР Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бастығы:

- Сонымен қоса WhatsApp және Telegram арқылы, әсіресе 4, 5 қаңтар күндері тәртіпсіздіктерге қатысушылардың жиналу орындарын, қозғалу бағыттарын үйлестірген қазақстандық чаттарды айқындадық. Мысалы, Алматы қаласында санаулы сағаттардың ішінде бір мессенджерге қатысушылардың саны 140-тан бес жарым мыңға дейін өскен. Дәл осылай Жамбыл облысында да чатқа қатысушылардың саны 4 мыңға жеткен. Сөйтіп, қысқа уақыт ішінде жиналған адамдар басқыншы топтарға айналған.

Қазір дәлелдемелерді жинау күрделене түсті. Дегенмен «Стоптерроризм» сайтына 1672 видео мен фотосуреттер жүктелген. Бұл істер бойынша тергеу нәтижесі міндетті түрде жарияланады. Азаматтар ресми ақпарат көздеріне сеніп, жалған мәлімет таратпауы керек, деді Бас Прокуратура өкілі.

Мирлан Алтынбек