Елімізде жаңадан отау құрған отбасылардың 15%-і сәби сүйе алмай жүр

Отбасылардың осынша проценті белсіздік пен бедеулік дертіне шалдыққан. Яғни әрбір алтыншы жұпқа бала сүю бақыты бұйырмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал  эко-ұрықтандырудың 34 проценті ғана жүктілікпен аяқталады. Мамандарды, әсіресе ер азаматтардың денсаулығы алаңдатуда. Қазақстандық отбасылардың 19%-ке жуығы балалы бола алмайды. Сәби аңсаған жұптар саны жылдан-жылға артуда деп дәрігерлер дабыл қағып отыр. Балалы бола алмаудың бірнеше себебі бар. Алдымен жаратылыстың берген сыйынан саналы түрде бас тартып, жасанды түсік жасатса, осындай қасіретке әкелетіні дәлелденген. Бұдан бөлек, жатырдағы түрлі сырқаттар, түтікшелердің бітелуі, жыныс мүшелерінің қабынуы, эндометриоз бедеулікке әкеліп соғады. Эндометриоз ауруының үлесі үлкен. Әйелдер бедеулігінің 20% осы сырқатқа байланысты.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

– Бедеуліктің белең алып бара жатқаны қазір күллі дүние жүзін алаңдатып отыр. Ұрпақ өрбіту жасындағы ұл-қыздарымыздың белсіздік пен бедеулікке шырмалуы біздің ұлттың да басты демографиялық трагедиясына айналғалы қашан. Бүгінде Қазақстанда жаңадан отау құрған отбасылардың 15 проценті «бедеу» деген ауыр дертті арқалауда. Яғни әрбір алтыншы отбасы балалы болу бақытын аңсап жүр. 

Вячеслав Локшин  Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор:

– Шамамен 12-ден 15 процент ерлі-зайыптылар балалы бола алмай жүр. Бұл көрсеткіш әр елде шамамен бірдей деңгейде. Ал Қазақстанда әрбір алтыншы жұп сәби аңсап жүр. Жаңа технология көмегімен балалы болып жатқандар да аз емес. Сондай-ақ отбасыларды қолдау мақсатында мемлекеттен тегін квота қарастырылған. Менің ойымша, бұл өте жақсы мүмкіндік.

Қазақстанда экстрокорпоральды ұрықтандыру 1996 жылдан бері қолданыла бастады. Содан бері 25 мыңнан аса бала дүниеге келген. Ал бұл медициналық емнен тегін өту мүмкіндігі 10 жылдан бері қолжетімді. Былтыр мемлекеттік бағдарлама бойынша алғаш рет 7 мың квота бөлінді.

Гүлнәр Өтепова, акушер-гинеколог, репродуктолог:

– Қазақстанда орта есеппен бедеулік жиілігі 15-тен 19 процентке дейін. Егер біз жыл сайын экстрокорпоральды ұрықтандыру бойынша 14 мың сұраныстң 7 мыңын «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша орындадық. Алайда соңғы жылдары белсіздік пен бедеулік белең алып барады. Сұраныс орындап отырған нормадан әлдеқайда көп. Тіпті көмекке жүгінбей жүрген жұптар қаншама. Медицина қазір жақсы дамыған. Балалы болу үшін барлық жолды байқап көру керек деп ойлаймын.

ДДСҰ-ның мәліметтері бойынша репродуктивті жастағы 185 миллионнан астам адам бедеулік проблемасына тап болған. Медицина бір орында тұрмайды, сондықтан барлығына көмектесуге болады. Түрлі процедураларды жасау арқылы балалы болуға мүмкіндік бар. Жұмыртқаны криоконсервациялау, суррогатты ана көмегі, донорлық ұрық жасушаларын қолдану бар. Барлық танымал технологиялар Қазақстанда да қолжетімді.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы Арман Ақшабаев