Оралдағы жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялардың жұмысы сын көтермейді

Қоғамдық көліктердің жүруінен тұруы көп деген жұртшылық, жұмыс сапасына наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбір бағытта қатынайтын автобустарды сағаттап күтуге мәжбүрміз дейді. Өзекті мәселеге қатысты кәсіпорын басшыларының да өз базынасы бар. Аялдамада автобустарды күтудің азабын жолаушы ғана біледі. Әсіресе үшінші, жетінші және 12 автобустың жүрісінде кідіріс көбейді. Кей тұрғындар амалдың  жоқтығынан діттеген жерге таксимен жетіп жүр.

Аққу Жәйішева, қала тұрғыны:

– №13 автобус та дұрыс жүрмейді. Қазір тайғақ, өзім ауырам, жүруге қиын. 35 дейтін 40 минуттан 50 минуттан жүрмесін, 10-15 минут жарайды. 35-тің автобусы болмаса, онда газель жіберіңдер, кісілер бар. 26 мектепке де барып оқитын балалар бар.

Ақзияш Нұрмұханова, қала тұрғыны:

– Бірінші, бесінші және 22 бағытта қатынайтын автобустар бір-біріне жол бермей үнемі жарысып жүреді. Сондықтан неге бір маршрутты халыққа қолайлы етіп ұйымдастырмасқа? Егер №35 маршрут өзін ақтамайтын болса, автобустар тым үлкен болса, бізге шағын автобустар неге шығармайды? Базарға, жұмысқа жету оңай емес. Балалармен жүру тіпті қиын. Мына 3 бағыттағы автобусты кейде жарты сағат бойы күтеміз. Бұрын жақсы жүретін еді, қазір не болғанын білмейміз.

Жолаушы тасымалымен айналысушы кәсіпорын басшыларының айтуынша, қолда бар техниканы түгел желіге шығаруға кедергі көп. Жолаушы саны азайып кеткен, соған байланысты түсетін табыс көлемі де мәз емес,– дейді олар. Оның үстіне жанармай құны да бірнеше есеге өскен. Ал елімізде жолақы құнын қымбаттатуға мораторий жарияланғаны мәлім.

Мирас Қарабинов, жолаушы тасымалдаушы компанияның директоры:

– Жүргізушілердің орташа жалақысы 150-200 мың теңге. Бірақ олар бұл жалақыны місе тұтпайды. Өйткені кен орындарын игеруші компанияларға кетіп қалса, олар 350 мың теңгеге дейін жалақы алады. Яғни бар мәселе ақшаға тіреледі. Оның қазір дизель отынының бағасы 260 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Мысалы, біздің компанияда 60 жүргізуші болуы керек еді. Бірақ қазір желіде небары 20 шақты жүргізуші жүр.

Қайрат Ысқақов, тасымалдаушы компанияның директоры:

– Қазіргі тариф жанармай бағасы 112 теңге болған кезінде бекітілді. Қазір оның бағасы 260 теңге болды. Біз субсидиялау көлемін есептеп жатырмыз, жолаушы тасымалдаушы компаниялар кепілдендірілген субсидияның нақты сомасын білгісі келеді. Өйткені осы арқылы олардың жалақы мөлшерін ұлғайту, жаңа автобустар сатып алу секілді жұмыстарды алдын-ала жоспарлауға мүмкіндік туар еді.

Айта кету керек, былтыр қала билігі жолаушы тасымалымен айналысушы кәсіпорындарға 2 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлген. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2020 жылы оның көлемі небары 500 миллион теңге болыпты. Субсидия көлемі әр бағытта қатынайтын автобустардың жолаушылар санына қарай бөлінеді екен.

Асхат Құлбаев, қала әкімінің орынбасары:

– Былтыр ірі мөлшерде, жеткілікті көлемде субсидия берілді. Сондықтан жолаушы тасымалымен айналысушы кәсіпорындар жұмысты өз деңгейінде жолға қоюы тиіс еді. Егер олар кемшіліктерді жоймаса, бұл істі сот арқылы шешуге тура келеді. Яғни олар өз міндеттерін орындамаса, сотқа дейінгі келісімшартты бұзуға дейін барамыз. Шағымдар негізінен екінші, үшінші, жетінші, 20 30Д, 13, 35 және 51 бағыттарды ұйымдастыратын компаниялар атына түсіп отыр.

Қала бойынша қатынайтын автобустарда электронды төлем жүйесі енгізілген. Бірақ сараланған тариф әзірге бекітіле қойған жоқ. Жолаушылар қолма-қол және электронды төлем үшін 80 теңге төлеп келеді. Сол себепті әзірге жолаушы тасымалында ашықтықты қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр,– дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов