Екі айдың ішінде Алматы базарында тәртіп орнату керек –Қ.Тоқаев    

Президент Алматы облысы және қала әкімдеріне осындай тапсырма берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келгенін атап өткен Мемлекет басшысы Алматыдағы «Алтын орда» базарын мысал ретінде келтірді. Бүгінде 3,5 миллион халқы бар Алматы мен оның төңірегіндегі елді мекен тұрғындары қажет тауарын сол базардан алады. «Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған», – деді Президент. Қаңтар оқиғасы кезінде бұған анық көз жеткізгенін атап өткен ол, бұл мәселе өзге де өңірлерге қатысты екенін ескертті.

Мемлекет басшысы «қажет болса тәртіпті орнатуға құқық қорғау органдарын тарту керек» – деді. «Алтын орда» базары 2012 жылы құрылған. Оны басқарып келген жауапкершілігі шектеулі серіктестік 24 қаңтарда таратылды. Мәлім болғандай, серіктестік ұзақ уақыт бойы салық заңнамасында көзделген міндеттемелерді орындамаған. Сол себепті Алматы облысының ауданаралық экономикалық соты шешімімен таратылды.