Елімізде құрастырылған «Kia» қияда да сатылады

Автокөліктер нарығында әлемдік бренд саналатын «КИА» қазақстандық әріптестерімен өзара ынтымақтастығын нығайтуды көздейді. Мәселен, былтыр Қостанай облысындағы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» зауытында шамамен 10 мың көлік құрастырылды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 процентке жоғары көрсеткіш. 

Қостанайлық машина құрастырушылардың алдағы жоспары өте ауқымды. Осыған байланысты «KIA Russia & CIS» президенті Санг Гвон Джонг елімізге жұмыс сарапымен келіп, елордада бірқатар келіссөз жүргізді. Ол КИА брендінің Қазақстандағы локализация деңгейін арттыруды көздейді. Компания президенті елордадағы дилерлік орталықтарға барып, ондағы жұмыспен танысты.

Санг Гвон Джонг, «Kia Russia & CIS» президенті:

– Бірінші кезекте мен Қазақстандағы көлік өнеркәсібінің даму қарқынына таңданысымды жасырмаймын. Соңғы жылдары мемлекет басшылығы бұған тиісті деңгейде мән беріп келеді. Осы бағытта елдің әлеуеті жоғары. Саланың болашағы бар. Allur акционерлік қоғамындағы әріптестерімізге тығыз ынтымақтастық үшін ризашылығымды білдіремін.

Биыл жыл соңында КИА маркасының Sportage NQ5 үлгісін құрастыру жоспарланған. Жоспар бойынша жылына 15 мың көлік шығару көзделіп отыр. Жаңа темір тұлпарлар шет елдерге де экспортталады. Ал 2023 жылы өндіріс қуаттылығы жылына 26 мың көлікті құрамақ

Санг Гвон Джонг, «Kia Russia & CIS» президенті:

– Менің ойымша, Қазақстанда Allur компаниялар тобымен бірлесе жаңа өнім шығару ТМД кеңістігінде КИА көліктерін өндіруге үлкен серпін береді. Жоғары технологиялар қолданылған сапалы көліктерді қазақстандық тұтынушыларға ұсына отырып, КИА-ның елде ең үздік брендке айналатынына сенімдімін.

Сондай-ақ биыл елімізде отбасылық минивен КИА Carnival өндірісі басталады. Осылайша модельдік қатар біршама кеңейе түспек. Allur тұтынушылары үшін кең таңдау болады, дейді мамандар.

Мирлан Алтынбек