Семейде қаланы дамытудың кешенді жоспары қорытындыланды

Семейде осыдан екі жыл бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкіметтің қаулысы бойынша бекітілген қаланы дамытудың кешенді жоспары қорытындыланған. Естеріңізге сала кетсек, бес жылға арналған әлеуметтік –экономикалық даму жоспары 56 жобаны қарастырады. Олардың бәрі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды, экономиканың нақты секторын, жұмыспен қамту және халықтың кірісін арттыру мәселелерін шешуге бағытталады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың Қоғам өкілдерімен кездесуі барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев құрылыс саласына баса мән беріліп отырғанын жеткізді. Қалада 400 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілген. Алдағы уақытта жалпы аумағы 95 мың шаршы метрді құрайтын тағы 20 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталады. Ал Степной және Восточный кенттерінде жаңа білім беру нысандары пайда болады. Құрылыс қарқыны мұнымен шектелмейді әрі қаланың шеткі аудандарын да қамтиды.

Алмасхан Сматлаев, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Қарағайлы шағын ауданыны қарқынды дамып келеді. Екі жылда бюджет есебінен 5 жалдамалы және 15 несиелік тұрғын үй салынды. квартал ішілік жолдар жөнделді. Жарығымен бірге қосқанда 3,5 миллиард теңгеге 4 жолақты веложолдар салынды.

Жол құрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасады. Екі жылда жол желілерін ағымдағы және орташа жөндеуден өткізуге 7,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл 90 шақырым жол және көшелерді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Ең бастысы 30 жылдай ұмыт қалған және экологиялық апат төндіріп тұрған дюкер мәселесі оң шешімін тапты. Сонымен қатар мектептерде 3 ауысымдық жүйе жойылды. Келешекте Семейде айналмалы жол түседі және сергек жүйесінің монтажы басталады.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

– Мен өз басым Президент тапсырмаларына сәйкес жүзеге асып жатқан барлық бағдарламалар мен басқа да дүниелерге сеніммен қараймын.

Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына 260 миллиард теңге қаражат бөлінген. Осының аясында 56 жоба жүзеге асып жатыр.

Қарлығаш Қасиетова, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов