Таразда сапасыз салынған көпқабатты тұрғын үй құлаудың алдында тұр

Таразда сапасыз салынған тағы бір көпқабатты тұрғын үй анықталды. Тұрғындар қоныс тойын тойламай жатып «баспанамыз құлайтын болды» деп алаңдап отыр. Сондай-ақ, дәл осы ықшам аудандағы инфрақұрылым мәселесі де пәтер иелерінің бас ауруына айналды.

Қазір жұрт 15-ықшам ауданның үйлерін айтсаң қолдарын бір сілтейтін болған. Бар мәселе мұндағы бой көтерген үйлердің сапасыздығында. Оған дәлел міне мына көпқабатты тұрғын үй. Сырты сырланып әрленген соң бір қарағанда әп-әдемі боп көрініп тұр. Алайда тұрғындар баспанамыз құлайтын жаққа шықты деп үрейленіп отыр. Жертөлесіне түсіп көрдік. Іргетасында жарықтар пайда болып, сыртқы сылақтары түсе бастаған.

Нұрбол Манапов,қала тұрғыны:

–Үй құлайын деп тұр. Бұл жерде 80 үй бар. 80 үйде қанша қаншама халық бар. Мынау адам өміріне қауіпті нәрсе. Ертең құласа бұған кім жауап береді?

Ал көрші тұрған №997 үйден пәтер алған жұрт үйлерінің ауласынан қайтуға мәжбүр. Себебі үш айдан бері газ, су, жарық қосылмаған.

– Не болды, жарық келе ме, келмей ме деп далада сандалып жүргенімізге үш ай болды. Ешкім ешнәрсе айтпайды.

– Қыркүйек айында қоныстандық. Содан үйдің проблемасы әлі бітпей жатыр. Астының бәрін көріп тұрсыздар. Канализация сасып кетті. Астындағы жарығы анау.

Қалалық құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, №997 үйдің құжаттары әлі толық рәсімделмеген көрінеді. Туындап отырған ауыз су, жарық, көгілдір отын мәселесін осымен байланыстырады. Ал асты ажырап, қабырғасы сөгіліп тұрған баспанаға келер қауіп жоқ деп сендіріп отыр.

Шыңғыс Әлиасқар, Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Қабылдап алған кезде ондай жағдайлар болмаған еді. Қазіргі таңда келісімшартпен көзделген кепілдемесі бар. Кепілдеме уақыты 5 жыл. Соның аясында мердігер мекеме барлық кем-кетіктерін дұрыстап береді.

Бұған дейінгі кем-кетіктерді дұрыстамақ болғанын көрдік. Жарылған жерге құрылыс көбіктерін аямай құйып тастаған. Мердігер осылайша жуандығы бір қарыстай жарықты бекітіп, қабырғаны ұстап тұрады деп шешкенін аңғаруға болады. Қалай болғанда да бұл мәселе қоғамның жіті бақылауында болмақ.

Айта кетейік, аталған үйді салуға мемлекеттен 500 млн теңгенің үстінде қаржы жұмсалған.

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә