100 жасқа толған сырбойылық ардагерге жеке куәлік табысталды

Сырбойылық майдангер 100 жасқа толды. Ғасырлық мерейтойына орай Яхия Тасыровқа су жаңа автокөлік кілті мен жеке куәлік тапсырылды. Қос ғасыр куәгері сергек, қимылы ширақ. Әрдайым аудандағы тағылымды шаралардың бел ортасынан табылады.

Яхия Тасыров 19 жасқа толғанда сұрапыл соғыс басталған еді. Бірнеше ай ғана әскери дайындықтан өтіп, қан майданның ортасынан қалай шыға келгенін бозбала шақта түсініп үлгірмепті. Жан алысып, жан беріскен ұрыста ойлануға уақыт жоқ еді, дейді қарт жауынгер. Осылайша Курск үшін шайқасып, Беларуссия, Польша мен Германияның қалаларын жаудан азат етуге қатысады. Оқ пен оттың арасынан ауыр жараланып шыққанымен көрер жарығы бар екен. Ардагердің балалық шағы да ауыр өткен. 

Яхия Тасыров, соғыс ардагері:

- Құдайдың берген денсаулығы шығар. Мен бала болып ауырған адам емеспін. 1929 жылы қызылша деген ауру шықты. 10 үйден 15 бала бар едік, 15-тен 2 бала қалдық қой. Одан кейін қарамық деген ауру шықты. Осы аурулардан ол кезде шал мен кіл жастар қырылып қалды. Кешегі 1932 жылы тілендік. Балапан басына, тұрымтай тұсына деген. Әй шырағым-ай, көрмегеніміз жоқ қой.

Көңілімді теріс ойлардан таза ұстауға тырыстым. Тек жақсылықты ойладым. Жаман әдеттерден бойымды алшақ ұстап, еңбектен қашқаным жоқ. Содан болар бүгінгі мерейлі белеске де келгенім, дейді қария. Биыл майдангер 100 жасты еңсерді. Жеңімпаз жауынгерге қызылордалықтар атынан су жаңа автокөлік сыйланды. Сонымен қатар жеке куәлігін де жаңалайтын уақыт осы сәтпен тұспа-тұс келген екен. Ғасыр ғұмыр иелеріне құжат рәсімдеу біз үшін де мерейлі сәт, дейді халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары.

Жұмабек Ембергенов, аудандық ХҚКО басшысы:

- Бүгінгі күнге дейін өзі осы орталықтағы барлық мекемелерге құжат тапсыру, басқа да шараларға, жұмыстарға өзі барып, өзі келіп, өзі өтініш беріп, тапсырып жүргеніне куә болып жүрміз. Бұл деген, біздің ғимаратта екінші қабатта да құжаттар қабылдау терезелері орналасқан, сол екінші қабатқа да өзінің күшімен, ешқандай сүйеусіз, өзі шығып, өзі түсіп, сондай Алла қуат берген кісі.

Яхия Тасыровты сырдариялықтар батагөй ақсақал ретінде де құрмет тұтады. Өнегелі істерімен көпке үлгі әрі ақылшы бола білген қазыналы қарттың бір ғана арманы бар. Енді жер бетінде соғыс оты тұтанбаса деген.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов