Алматыда кафе мен дүкендер тротуарға шығып барады

Алматы тұрғындары әлеуметтік желіде ерекше бастама көтеріп отыр. Олар жол жиегіндегі тротуарларды жанай немесе оның үстіне салынған кафе мен дүкендерді суретке түсіріп, мекен-жайларын жариялауда. Осылайша өзекті мәселеге тиісті органдардың назарын аударғылары келеді. Себебі жаяу жүргіншілер көлік жолымен жүруге мәжбүр.

Байтұрсынұлы мен Әйтеке би көшесінің қиылысындағы мына кафенің бір бөлігі жаяу жүргіншілер жолын баса салынған. Қосымша құрылыстың күні кеше ғана емес, біраз жыл бұрын бой көтергені даусыз. Жоғалған тротуарды жергілікті билік жоқтамаған соң тұрғындар әлеуметтік желі арқылы жауаптыларды іздей бастады. Қала тұрғыны Галина Свиридованың бастамасын өзге тұрғындар қолдап, олар да шаһардың әр жеріндегі заңсыздықтарды жіпке тізіп жатыр.

Галина Свиридова, қала тұрғыны:

- Жолға қатысты кез келген талап, адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалған. Сол талап бойынша тротуардың ені сақталуы керек. Бізде өкінішке орай, мұндай заң қадағаланбайды. Сондықтан көптеген көшелерде тротуарлар жоқ. Олар бұрын болған, қосымша құрылыс салынып кеткен.

Борис Махмудов, қала тұрғыны:

- Тротуар болуы керек. Жаяу жүргінші жолы жоқ көшелер өте көп. Мысалы, Луганский көшесінің бойында мүлдем тротуар жоқ. Жаяу жүру мүмкін емес, көлік жолымен жүруге тура келеді. Одан кейін әл-Фараби даңғылының бірқатар бөлігінде де тротуар жоқ.

Мысықтабандап қоғамдық жолды қыса орналасқан нысандардың саны аз емес. Мысалы, Гоголь мен Мұратбаев көшесінің қиылысындағы дүкен, Марков көшесінің бойындағы дәмхана сынды орындар әлеуметтік желіде жариялануда. Алматылықтар заң талаптарына салғырт қараған мекемелерді тексеру керектігін айтады. Ал өңірлердегі Жер инспекцияларына жауапты Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабына сәйкес кәсіпкерлерді тұрғындардың жазбаша арызынсыз тексеруге болмайды.

Дамир Егізбаев, ҚР АШМ Баспасөз хатшысы:

- Жеке кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке ашығын айтқанда жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Мораторийға байланысты қандай да бір кәсіпкер болсын жұмысын барып біз тексере алмаймыз. Яғни ол қазір көшенің бойында тұр ма, немесе оның жарты метрі болсын немесе толығымен тротуарды жауып алды ма, деген секілді мәселе осында.

Соған қарамастан құзырлы органдар Алматыда өткен жылы 490 кәсіпкерлік нысанын тексерген. Оның 258-і мемлекет меншігіндегі жерге заңсыз кіргендер. Қазір осы кәсіп иелеріне қатысты тиісті шара қолдану жағы қарастырылуда.

Аршын Кемелжан, Радик Жакупов