Ақтауда мас күйінде көлік тізгіндеген 20 адам ұсталды

Ақтауда ішімдікке тойып алып,  көлік жүргізген 20-дан астам адам ұсталды.

Өңірде «Мас жүргізуші – қылмыскер» профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Заң бұзғандардың көлігі айып тұрағына қойылып, әкімшілік хаттама толтырылды. Енді олар 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы немесе 15 тәулікке қамалуы мүмкін. Жалпы 2 күннің ішінде 1 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде машинаны құжатсыз басқарғандар мен рульде отырып телефон қолданғандар бар. Айта кетейік, соңғы уақытта өңірде жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Мәселен, жыл басынан бері 12 жол апаты болып, 5 адам қаза тапқан. 4 рет жаяу жүргіншіні қағу дерегі тіркеліп, оның біреуі мерт болды.

Қалдымұрат Айғарақов, МО полиция департаменті ЖПҚ басқармасы бастығы:

- Жол оқиғасының алдын алу бағытында полиция күшейтілген түрде жұмыс атқарады. Бұл іс-шара әр аптаның демалыс күндері және 1 айда әр апта сайын созылып тұрады. Автокөлікті масаң күйде басқарған жүргізушілердің іс-құжаттары сот органдарына жолданады. Сонымен қатар автокөлікті масаң күйінде 1 жылдың ішінде қайталап басқарған 2 жүргізуші анықталып, ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабымен іс қозғалды.