СҚО-да тұрғындары таңсәріден көмір кезегінде тұрады

Таңсәріден қойма алдында кезекке тұрған көліктердің көбі бос қайтты. Өңір тұрғындары, әсіресе Шұбаркөл көмірін іздеп сабылып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Петропавлға бүгін ғана жеткізілген 7 вагон қатты отын санаулы сағатта сатылып кетті. Қарбаласқан жұрт таңсәріден қойма алдын күзетіп жүр. Ал екі қатарға тізіліп кезек күткен жүк көліктерінің санында шек жоқ.

Алтынбек Қуанышев, Петропавл қаласының тұрғыны

– Мен таңғы сағат 7-ден келдім. Мындағы жұрт сағат 5-тен тұрып жатырмыз дейді. Кезек көп. Сол білмеймін, көмір жете ме, жетпей ме? Қазір тұрмыз, үйге тым болмаса 3-4 тонна болса да әкетейік дегенбіз.

Бұл қоймада қазір аса сұранысқа ие Шұбаркөл көмірі саудаланады. Бүгін мұнда 7 вагон, яғни 490 тонна қатты отын жеткізілді. Әр адамға тек 5 тоннадан ғана беріліп жатыр.

Мұратхан Тұрмұхамбетов, көмір қоймасының  өкілі:

– Станцияда тағы 500 тонна 7 вагон тұр. Жолда 700 тонна 10 вагон келе жатыр. Қанша тапсырыс береміз, сонша айына келіп жатыр. Бірақ шу басылмай тұр. Енді аудандарға көмір келіп жатыр дейді. Мүмкін тыншыр.

Жауаптылар тұрғындарға Екібастұз және Майқұба көмірлерін сатып алуға кеңес береді. Қазір өңірде оның бір жарым мың тоннасы бар.

Бақыт Ілиясов, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

– Жалпы ақпан айында өңірге 100 вагон көмір келеді деп жоспарланған. Тиеу жұмыстары кестеге сәйкес жүрігізіліп жатыр. Жалпы «Шұбаркөлге» бізден басқа өзге өңірлерден де сұраныс артқанын аңғарып отырмыз.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасындағылар жақында қалаға 980 тонна қаражара және 1190 тонна Шұбаркөл көмірі жеткізілетінін айтты. Ал қалыптасқан жағдайды ескерген олар жаңа жылыту маусымында мұндай проблема болмайды деп сендірді.

Авторлар: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев