Алматыдағы «Оптовка» саудагерлері базар әкімшілігіне наразы

Алматыда ел ішінде «Оптовка» атанып кеткен «Барыс-4» базарының саудагерлері базар әкімшілігінің іс-әрекетіне наразы екендерін айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеке кәсіпкерлердің айтуынша, сауда нысанының басшылығы саудагерлердің таңдау еркіне шектеу қойып, тауарды тек өздерінен сатып алуды міндеттеп келген. «Осылайша ортада делдалдық жасап, біздің табысымызға ортақтасып отыр»,-дейді кәсіп иелері.

«Барыс 4» базарының әкімшілік ғимаратының алдына адам көп жиналды. Басты мақсат – базар басшылығының саудагерлердің құқығын шектеп, ортада делдалдық жасауын тоқтату. Мұндағы сатушылардың айтуынша, тауарды өндірушіден тікелей алып-сатуға мүмкіндік берілмейді. Мұндай заңсыздықтың етек жайғанына 10 жылдан асыпты.

Бек Райханов, саудагер:

Мен жұмыртқаны фабрикадан тікелей алып келіп, осы жерге келіп өзім отырып сата алмаймын. Өйткені ол кісілер фабрикадан өздері алып келіп, үстіне ақша қойып осы жерде сатады. Соның әсерінен баға қымбаттайды. Мына халықтың айтып отырғаны да сол баға өте көп қымбаттап кетті бізде.

Изат Сабырұлы, саудегер:

– Сырттан кіргізіп көрдік, кіргізгенімізді 10-15 адам қоршап алып, не үшін кіргізесің деп. Кіргізуге рұқсат жоқ. Келіп тексерсе, тексеруден қашпаймыз. Барлық нәрсені заңды жасаймыз, заңсыз істеп жатқан дүниеміз жоқ.

 «Барыс-4» базары әкімшілігінің есігі сол бойы ашылмады. Бірақ компанияның заңгері келіп жиналғандардың сұрағына жауап берді. Базар өкілінің мәліметінше, көтерме-сауда орталығына жаңа жылға дейін басқа адамдар басшылық етіпті. Ал биыл сегізінші қаңтардан бастап жаңа команда келген. Келе сала саудагерлердің талабына назар аударып, орындауға уәде бергендерін айтады.

Самат Нұршабаев, базар әкімшілігінің заңгері:

Осыдан бастап кім не кіргізеді, өздері біледі. Сондай істеп қойдық. Өйткені жаңа басшының айтқаны бойынша сондай жұмыс атқарылып жатыр.

Бірақ базар заңгерінің айтуынша, ортада делдалдықпен айналысатын компаниямен келісімшарт 28 ақпанда аяқталады екен. Одан кейін келісімшарт ұзартылмайды дейді. Бұл мәселеден қалалық әкімдікте хабардар.   

Еркебұлан Оразалин, Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы:

«БН» сауда» шынымен де 28 ақпан мерзіміне дейін жаңағы сатушылармен келісімшарт оларда болған екен. Тауық еті, жұмыртқа, қант және сиыр еті төрт позиция бойынша сатушыларға осы ұйым өзінің тауарларын сатқан болатын. Келісімшарт бүгінгі күннен бастап толығымен жойылды.

Кеше Мемлекет басшысы «Алтын орда» базарын тәртіпке келтіріп, тиімсіз сауда делдалдығын тоқтататын кез келді деген еді. Ол үшін Алматы қаласы мен облысының әкімдеріне екі ай уақыт берген болатын.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев