Елімізде 350 мыңнан астам азамат құмар ойынға салынған  

Елімізде құмар ойынға салынған азаматтардың саны 350 мыңнан асады. Ең сорақасы – бір ойыншының қарызы 10 млн теңге. Құмар ойынға қарсы петицияда осындай дерек бар.

Бүгін бұл мәселені сенатор Дана Нұржігіт тілге тиек етті. Бүгінде құмар ойындары қалта телефондарында қаптап кетті. Бұл аздай Қазақстанда букмекерлік компанияларды жарнамалауға заң жүзінде шектеу жоқ. Осылай деген халық қалаулысы премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдап, тыйым салуды талап етті. Уәкілетті орган құмар ойындарға салынған азаматтардың тізімін жүргізіп, олармен тиісті жұмыстар атқару қажет, - деді. Себебі, оның кесірінен несиеге кіріп, талай отбасы ойрандалды. Бар дүние-мүлкінен түгел айырылып жатқандар қаншама. Олардың туыстарынан депутаттарға толасыз хаттар келіп түседі екен. Ал елімізде арнайы лицензия арқылы 7 казино, 30 букмекерлік компания жұмыс істейді. 2019 жылы олардан 16,5 млрд теңге салық түскен. Алайда сенатордың пікірінше, әлеуметке келтіріп отырған зияны әлдеқайда көп.