Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Таразда қамауда отырғандардың жағдайымен танысты

Тараздың уақытша ұстау изоляторында қаңтар оқиғасына қатысы бар деген күдікпен 70 адам қамауда жатыр.

Олардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған 6 жасөспірім бар. Сонымен қатар қырғыз елінің бір азаматы ұсталған. Изолятордағылардың жағдайын көріп, заңдылықтарға көз жеткізу үшін Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Қырғызстан омбудсмендер институтынан арнайы делегация барды. Ұсталғандар және олардың ата-аналармен кездесіп арыз-шағымдарын тыңдады. Арнайы келген мамандар қамаудағылардың құқығын барынша қорғауға күш салатындығын жеткізді. Сонымен қатар оларға медициналық жәрдем көрсету мәселесіне баса назар аударылды.

Эльвира Әзімова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Біз естіген, көрген нәрсемізді прокуратураға жеткіземіз. Құзырлы орган адам құқығына қатысты заңдылықтардың сақталуын қадағалап, анықталған деректер ескерілуі тиіс. Мәселен, қамаудағылардың кейбірі адвокаттарын біраз уақыттан бері көрмегендерін айтып отыр. Мұндай кемшіліктерді болдырмау үшін заңнама талаптары бар. Бұл жағдайдың барлығы қатаң ескерілуі тиіс.