Ақтөбеде тозығы жеткен жатақханаларды жөндеу мәселесі қалай шешілері белгісіз

Ақтөбеде өткен ғасырдың ортасында салынған жатақханалар әбден тозған. Кейбірінің қабырғасы сөгіліп, кірпіші түсіп жатыр. Көп қабатты үйді күрделі жөндеуге тұрғындардың шамасы жетпейді. Бұл мәселе талай жылдан бері айтылып келеді. Алайда қашан шешімін табары белгісіз.

Любовь Зотова бұл жатақхананың алғашқы тұрғындарының бірі. Ғимарат 1971 жылы пайдалануға берілгенде алақандай бір бөлмесіне орналасқан. Бірақ, содан бері бес қабатты нысанда ешқандай күрделі жөндеу болмапты. Салдарынан қазір жылу, су желісі де әбден тозған. Ал қабырғалардың көгере бастаған. 

Любовь Зотова, тұрғын:

- Үйдің жағдайы нашарлап барады. Жөртөленің тазартылмағанына біраз жыл болды, ондағы трубалар ескірген соң жиі-жиі су жүйесі істен шығады. Жатақхананың сыртқы есіктері де жоқ. Сондықтан қыс кезінде ызғып тұрады. Боран болса, қар кіреді.

Тұрғызылғанына жарты ғасырдан асқан ғимараттың кем-кетігін бұған дейін тұрғындар шамалары келгенше өздері жамаған. Алайда толық жаңалауға олардың шамасы келмейді. Әбден тозығы жеткен құбырлар жоғарғы кернеулі электр желілері және күндіздің өзінде тас қараңғы болып тұратын дәлізді жөндеп, ретке келтіру көп қаражатты қажет етеді. Тұрғындарға қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативі де жоқ. Жатақхананың сырты да тозған. Жоғарғы қабаттан кірпіштер үгітіліп құлай бастапты.

Фёдор Васильев, тұрғын:

- Кірпіш құлап тұрған жерден жүруге қорқамыз. Әсіресе балалар үшін өте қауіпті. Кейбір пәтерлердің қабырғаларында сызат та пайда болды. Ал оның бәрін жөндеуге біздің шамамыз келмейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын көрші тұрған «Достық үйі» ғимаратын салғанда бізді көшіреді деген әңгіме болып еді. Кейін айтылмай қалды. Тек осы жатақхананың бір жақ беті боялғаннан басқа жұмыс жүрмеді.

Бұл үйдің мәселесі әкімдікке де жеткен. Мамандардан құралған комиссия жатақханада болып, ғимараттың нақты қандай жағдайда екенін анықтайтын арнайы компанияларға тапсырыс беруді үйғарған. Алайда ол үшін  бюджеттен қаржы қаралған жоқ.

Ақнұр Қазбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Біз оларға хаттаманы бердік толтыруға, 70 пайызы тұрғындардың қолы толтырып алып келсе, сол хаттамаға сәйкес оларға осы бюджеттен техникалық құжаттама жасап береміз. Біз мысалы, осы жылға бюджеттен қаражат сұратып отырмыз. Бізге ақша бөлінген жағдайда біз сол тұрғындардың жазған хаттамасына байланысты оларға тегін бюджет арқылы жасап береміз. 

Белгілі болғандай қазір қалада 70 жатақхана бар. Көбі өткен ғасырдың орта шенінде салынған. Бұған дейін біреуі апатты жағдайда деп танылыпты. Ал тозғаны болса әзірге тұрғындардың өздеріне амалдауға тура келмек.

Ақнұр Қазбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бюджет тарапынан көп пәтерлі тұрғын үйдің күрделі жөндеуіне ақша бөлінбейді. Себебі ол олардың жеке үйі болып табылады және ол ортақ мүлкі. Сол себептен заң бойынша бюджеттен қаражат бөлу қарастырылмаған. Олар тек ғана «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізе алады. Қаржы береді 7 жылға. 7 жылда тұрғындар сол қаражатты ай сайын қайтарып беруге тиісті. 

Мамандардың айтуынша, үйді апатты деп тану үшін бірнеше кезеңнен тұратын жұмыс тәртібі бар. Егер тұруға қауіпті екені анықталса, онда мәселені шешудің екі жолы қаралған. Бірі тұрғындарды үй кезегіне тіркеу, ал екіншісі инвестор тартып жаңа баспана салу.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев