Елордада ерекше балалар TOMATIS-терапия әдісімен емделіп жатыр 

Есту, тыңдау, сөйлеу қабілеті нашар балаларға TOMATIS-терапия әдісі қолданылып жатыр. Тың тәсіл арқылы бала арнайы құлаққап киіп, ми жұмысын жақсартатын түрлі ойындар ойнайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гүлнар Толыбаева тілі уақытында шықпаған немересін 3 жасынан бері мамандарға апарып, нәтиже болмаған соң үмітін үзе бастаған еді.  Бала алтыға толғанда, интернеттен томатис-терапия туралы ақпаратты көзі шалады. Бұл әдісті қолдануға бел буып, Өскемен қаласынан ем алуға Елордаға келген. Қазір немересі қойған сұраққа жауап қатып, тіпті тақпақ айта бастаған.  Әрине, терапия шыдамдылық пен еңбекті талап етеді, –дейді ол.

Гүлнәр Толыбаева, Санжардың әжесі:

– Бұл әдіс курстарға бөлінеді. Күніне 3 сағат құлаққаппен отырады. Басында өте қиын болды. Немерем мазасызданып, өзін қоярға жер таппаған еді. Күн өткен сайын  мұндағы атмосфераға бойы үйреніп, басқа балалармен тіл табыса бастады. Қазір өз атын, тегі мен қойған сұрақтың барлығына жауап береді. Мұндай әдіс арқылы немеремді емдеу маған да қиынға соқты. Бірақ 6 жасқа дейін сөйлемеген соң тәуекелге бел будым. Қазір  ақырындап нәтижеге жетіп жатырмыз. Әрі қарай да жалғастыра береміз. Немеремнің балдай тәтті тілін естігеніме қуаныштымын.

TOMATIS аудио-вокалдық жаттығу әдісі. Яки  баланың есту, ойлау қабілеттерін арнайы құлаққап арқылы жетілдіреді. Құрылғыға анасының дауысын жазып, бүлдіршінге фильтр арқылы құлаққаппен тыңдатады. Бұл терапияның ұзақтығы 7 курс. Бірақ әр баланың қабылдауы әртүрлі. Бүгінде елордадағы орталықта 3 мыңнан астам сәби осы әдіс арқылы ем алуда. Оның мыңға жуығы курсты тәмамдап, кейбірі тіпті аутизм сынды аурудан да айыққан.

Жанна Әбілқасова, «Томатис» маманы:

– Құрылғы классикалық музыка арқылы ми қыртысын ынталандыратын және психикалық тұрғыдан жақсартуға көмектесетін дыбыстарды белгілі бір сүзгіден өткізу арқылы жұмыс істейді. Егер бала пассивті болса, құрылғы оның белсенділігін арттырады, ал гиперактивті болса, керісінше әсер береді. Әр балаға бөлек бағдарлама жазамыз. Ол үшін алдымен невропатологтың қорытындысын аламыз. Содан соң емге көшеміз. Жалпы жүктілік кезінде әйел қандай да бір күйзеліске ұшыраса, құрсағындағы балаға әсер етіп, кейін баланың тілі кеш шығуы мүмкін.

Осыдан 8 жыл бұрын Светлана Толыспаева баласын емдеу үшін  мұхит асып, томатис әдісін зерттеген. Сол жақтан арнайы білім алып келген ол қазір орталықтағы бүлдіршіндерге көмектесіп жүр. Айтуынша, бұл терапия оң нәтижесін көрсетіп жатыр. Бірақ мұндай курсты кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Сол себепті осал топтағы балаларға жағдай жасау қажет екенін айтады.

Светлана Толыспаева, томатис-терапевт:

– Президент биыл «Балалар жылы» деп жариялады. Мұндай терапияның нәтижесін көріп тұрмыз ғой. Елді мекендердегі мекемелерге арнайы құрылғыны орналастырып,  балалардың бұл терапияны тегін алуға мүмкіндік жасалса екен деймін. Бұл әдісті қолданған баланың тілі бір айдан кейін шыға бастайды. Мұны көрген ата-аналар қуаныштан көз жасына ерік береді. Өйткені жылдар бойы олар логопед, не болмаса басқа да мекемелердің табалдырығын тоздырып шаршаған.

Ал министрлік  «Томатис» терапияны медициналық әдіс емес деп отыр. Жалпы елде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мемлекеттік 38 оңалту орталығы бар. 2020 жылы жаңа 10 орталық ашылса, ал  2021 жылы 12-сі іске қосылған.

Шолпан Бөлекбаева «UMC» корпоративтік қорының балаларды оңалту ұлттық орталығының директоры:

– Біз бұл терапияны қабылдамаймыз, қолданбаймыз. Басқа терапияны қолданамыз. Қазір мамандар дайындау қиын болып жатыр. Жалпы 38 орталық деп айттым ғой. Бірақ әлі балаларға аз көмек көрсетіледі. Себебі мүгелектігі бар балалардың саны аз емес. Емханаларда оңалту бөлімшілерін ашу қажет. Біздің жүйені сақтап әрі қарай дамыту керек.

Айта кетерлігі, «Томатис» терапиясы 1973 жылы Бельгияда пайда болған. Алғашында бұл тәсіл күмән тудырғаны хақ, десе де қазір Еуропада ғылыми тұрғыда дәлелденген. Бүгінде бұл құрылғыны ересектер де қолдана алады. Яки қобалжу мен шаршауды, бас ауруы және құлақтың шуылын жоюға, есте сақтау қабілетін жақсартуға көмектеседі.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ерзат Зайтхан