Өскеменде бағасы қымбат қоғамдық дәретханалар пайда болды  

Енді осы дәретханаға байланысты шу шықты. Қала қазынасынан 20 миллион теңгеден астам қаражатқа 7 дәретхана сатып алынғаны туралы ақпарат қоғам наразылығын тудырды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Әкімдіктегілердің ақпаратына сүйенсек, бұл модульдердің біреуінің бағасы 3 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейін жетеді. Әлеуметтік желі арқылы пікір білдірген жұрт мұндай қаржыға 2-3 бөлмелі пәтер сатып алуға болар еді деп таңданыстарын жасырмады. Алайда осы қажеттілікке тапсырыс берген « Таза Өскемен» коммуналдық мекемесі өкілдерінің өз уәжі бар. Олардың айтуынша, дәретханалардың құны нарықтағыдан біршама төмен. Оның үстіне осындай кабинкалар шаһардың әрбір жеріне ауадай қажет дейді олар. Мәселен қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлар біраздан бері соңғы аялдамалардың дәретханамен қамтылуын сұрап жүр. Сонымен қатар мамандар мұндай модульдер кейбір облыс орталықтары мен ел астанасында бұдан да жоғары бағаға сатып алынғанын жеткізді.

Асхат Тәженов, «Таза Өскемен» КМ директорының орынбасары:

– Бұл дәретханалар қысқы ауа райына сай жабдықталған. Сонымен қатар тез бүлінбейді. Сапалы. Жарықтандыру, жылу жүйесіне, орталық коммуникациялар желісіне қосылған. Бұлардың бағасына келсек, аса бір қымбат деуге келмейді. Орташадан төмен болып есептеледі.