Атырау облысында аша тұяқты малдан ауру шықты

Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты 4 ауылдан аша тұяқты мал арасынан ауру шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сиыр мен қой-ешкі жем-судан қалып, ауыздарынан су ағып аз күнде азып кетеді екен. Аурудың алғашқы белгілері өткен қараша айында осы ауданға қарасты Сағыз ауылынан шыққан еді. Ол кезде аталған ауылдан 90-ға тарта мүйізді ірі қара мен 100-ден астам ұсақ жандықтан ауру белгілері анықталған. Мал мамандары зертханалық-сынама негізінде бұл ауруды жұқпалы «ринотрахеиттік вирусты диарея» деп тапты. Ауру ошағын оқшаулау мақсатында облыстық ауылшаруашылығы басқармасының ветеринария бөлімі Сағыз ауылында 31 желтоқсаннан бастап бір айлық шектеу жариялаған болатын. Енді жұқпалы індет Миялы, Мұқыр, Жангелдин ауылдарындағы малдардан да шыға бастапты. Бүгінде ауру малдың саны 600-ден асқан. Осыған орай мал дәрігерлері аша тұяқтыларды жаппай еге бастады. Сондай-ақ, ауру малдың өнімдерін пайдалануға тиым салды. Қолдағы малы сатуға немесе союға рұхсат жоқ.

Нұркен Бояров, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің маманы:

– Бұл жерлерден 14 сынама алынды. Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық ветеринарлық зерттеу орталығына жіберіліп, «ринотрахеиттік және вирусты диарея» ауыруына оң нәтиже берді. Қосымша Ақтөбе облысынан мамандар тартылды және жергілікті мамандар бар, барлығы 32 дәрігер ветеринарлық шараларды жүргізіп жатыр.