Асхат Оралов: Партия жұмысын қайта қарау қажет  

«Jas Otan» белсенді жастар мен үкіметтік емес ұйымдарды жұмылдыру орталығына айналуы тиіс.

«Nur Otan» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов осылай деді. Ол бейне-конференция арқылы партияның өңірлік филиалдарымен кеңес өткізді. «Jas Otan» жастар қанатының алдына бірқатар міндеттер қойды. Оның айтуынша, жастарды партия айналасына біріктіру, нақты жұмыс істейтін «әлеуметтік лифтілер» құру маңызды. Jas Otan-дықтарға ерекше міндет жүктелмек. Яғни, іс-шаралардан бас тартып, жастардың барлық санаттарымен жұмысты жаңа форматта жүргізу қажет. Сондай-ақ нақты бағыттағы жұмыстарға 500-ден астам адамнан тұратын Жас депутаттар корпусын тарту қажеттігі айтылды. Ауыл жастарына да басымдық берілмек.

Асхат Оралов, «Nur Otan» партиясының атқарушы хатшысы:

– Мемлекет басшысы соңғы сөйлеген сөздерінде өзекті мәселелерді айқындап, дағдарысты еңсеру бойынша мен жаңа Қазақстанды құру бойынша нақты міндеттер белгіледі. Қазір осы міндеттерді сапалы және уақытылы орындау үшін партиялық ресурстарды жұмылдыру өте маңызды.