Петропавлда тұтынушылардың шағымы назарға алынды  

Петропавлда жылу шығынын есетептеуге қатысты талқылау жалғасты. Оған монополияға қарсы комитет басшысы Аслан Дарбаев қатысып, өңірдегі мамандармен кездесті. Бұған дейін облыс орталығының тұрғындары жылу ақысына қатысты наразылық білдірген болатын. 

Жылу шығындарын есептеуге қатысты мәселе бірнеше айдан бері петропавлдықтардың бас ауруына айналған. Бұл төлемнің құны жылу ақысынан да асып кетіп отыр. Ал жылумен қамту мекемесінің басшылығы бұл шаралардың барлығы заң аясында қолға алынып отқанын алға тартты.

Андрей Калиничев, жылу желілерінің бас директоры:

– Тұрғындардың бір бөлігі түрлі айла тәсілдерге көшіп, жылу есептеу құралдарын істен шығарады немесе құжаттарын көрсетпеуге тырысады. Алайда олар жылу жүйесіне қосылған. Біз түгендеу жұмыстарын жүргізіп, мұндай келеңсіздіктерді әшкереледік.

Жылумен қамту мекемесі осындай шығындардың ақысын барлық тұтынушыға теңдей бөлгенді жөн көрген секілді. Бұл қаншалықты заңды? Айтулы мәселемен енді монополияға қарсы департаменттің жаңа басшысы Дамир Тоқтамысов айналысатын болады. Ол ішімдік ішкені үшін қызметтен кеткен Абай Балабековтың орнына тағайындалды. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы коммуналдық қызмет ақасына қатысты түйіткіл тек солтүстік Қазақстан облысында ғана туындап отқанын да атап өтті.

Аслан Дарбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы:

– Бұл ұзақ уақыттан бері қордаланған мәселе екенін байқап тұрмыз. Алайда сіз енді ғана тәртіп орнатуға кірістіңіз. Бірақ сіздің қолданып отқан шараларыңыз өте қатаң деп есептеймін. Тұтынушылардың төлемін аспандатып жіберген. Мұндай жағдай тіпті 90-шы жылдарда болған емес.

Айта кетейік, жылу шығындарының төлемін тоқтату және бұған дейін тұрғындардан жиналған қаржыны қайтару туралы іс сотта қаралуда.

Нұрлан Жакыпбеков, Кристина Ююсичева, Руслан Алиев