loader

Ақмола облысы: көктемде 125 елді мекенді су басу қаупі бар

Ақмола облысы: көктемде 125 елді мекенді су басу қаупі бар

Ақмола облысында биылғы көктемде 13 мыңға жуық халық тұратын 125 елдімекенді су басуы мүмкін. Құзырлы органдардың мәліметінше, аймақтағы барлық ауданда тасқын жүру қаупі бар. Себебі, сексен көлі бар Көкше жерінде су айдындарына құятын өзендер көп. Оның барлығы қар еріген кезде қатер төндіреді. Ақмола облысындағы су тасу қаупі ең зор аймақтардың бірі – Атбасар қаласы. Мұнда қатер төндіріп тұрған – Жабай өзені. Естеріңізде болса, аталған өзен 2017 жылы арнасынан асып, 700-ден астам баспана су астында қалған еді. Содан бері Атбасар жыл сайын үреймен отырады. Қаланың биылғы су тасқынына деген дайындығы қандай? 

Мұндағы жергілікті билік өкілдері биыл қар аз болғанына қарамастан тасқынға тосқын қоюға қатты кірісіпті. Жылда бұл мақсатта 40 млн теңге бөлетін аудан биыл 62 млн теңге қаржысын апатты болдырмауға бағыттаған. Ал оның тек 45 млн-ы қар шығаруға жұмсалмақ. Одан бөлек, облыстық бюджеттен тағы 25 млн теңге бөлініп, өзенге жақын орналасқан №1 орта мектепті айнала бетон қабырғамен қоршап тастапты. Күзде де біраз жұмыс істедік, – дейді олар.

2017 жылғы су тасқынынан кейін мұнда апаттан зардап шеккен жүздеген отбасы жаңа үйлерге қоныстанған болатын. Енді қауіпті аймақта тағы 200-ге жуық баспана қалып отыр. Олар да биыл көшіріледі, – дейді аудан әкімі. Оларға арнап екі көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр.

Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:

– Халық көшуге келісіп отыр. «Салсаңыздар, көшеміз» деген қолхаттары бар. Өйткені, үнемі үрей үстінде отырады. Сондықтан осы көшедегі мектептің бойындағы үйлердің бәрі түгел бұзылады. Келешекте осы жерді түгел тазартып, көлік тұрағын жасау ойда бар.

Атбасардан бөлек, облыста Астрахань, Аршалы және Целиноград аудандарында да су басу қаупі өте күшті. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының сөзінше, қазір оларда тасқынға дайындықтың екінші кезеңі басталды.

Қанат Доспаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Облыс бойынша 12 жарым мың тонна инертті материал, 60 мың дана қап, 273 тонна жанар-жағармай әзірленді. Барлық аудандарда қар шығарылып жатыр. Әзірлік жұмыстары 15 наурызға дейін жалғасады.

Ал гидрометеорология мамандары болса, биыл қар әдеуір аз екенін айтады. Өзен-көлдердегі ылғал деңгейі де жылдағыдан 10-нан 64 процентке дейін төмен. Тек Сілеті өзеніндегі ылғал жылдағыдан 25 процентке көп.

Надежда Гуришкина, «Қазгидромет» АҚ филиалының бөлім жетекшісі:

– Су тасқыны бола ма, жоқ па, ол жайлы айту әлі ертерек. Себебі, осы және келесі айда әлі де қар жауады. Сондықтан қазіргі болжам нақты емес. Ал дәлірек болжам наурыз айында шығады. Әзірге бір білеріміз, биыл көктемнің алғашқы айы суықтау болады.

Осылай деген құзырлы орган өкілдері аймақта қардың нақты қашан еріп, тасқын қаупі қай кезде күшейетінін әзірге дөп басып айта алмай отыр. Дегенмен, дайындық жасалады. Ал ол үшін жергілікті қазынадан бас-аяғы 1,3 млрд теңге қарастырылған.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный

Сондай-ақ...