Цифрлы жүйе: шаруалар шөпті аз жейтін мал басын көбейтпек

Шығысқазақстандық фермер шөпті аз жейтін мал басын көбейтуге ден қойды. Ол қазір қазақтың ақбас сиырын Канадалық әдіспен өсіріп жатыр. Үнемге негізделген мал тұқымын таратуды көздейді. Өйткені бұл шаруаларды үлкен шығыннан сақтаса, екінші жағынан қуаңшылық кезінде де аса тиімді көрінеді.

Цифрлық жүйеге қосылған астау. Электрондық бирка. Мәліметтерді компьютерге жіберетін антенна. Қазақтың ақбас сиырын өсіріп отырған асылтұқымды мал шаруашылығы кешенінде осындай ең соңғы заманауи жетістіктер қолданылып жатыр. Қай малдың қанша азық жегені тәулік сайын қорытындыланады. Мәселен, соңғы рет 93-ші биркалы бұқа жақсы нәтиже көрсеткен.

Сөйтіп қорадағы «үздіктер» сұрыпталады. Қожалықта осы канадалық әдістің қолданылып келе жатқанынан екінші жыл. 400 бас табынның ішіннен 40-қа жуық мал басы сынақтың келесі кезеңіне өтпек. Іріктелген аталықтардың ұрығы зертханалық сараптамаға жіберіледі. Яғни, одан алынған тұқым ары қарай  осындай аз қоректеніп, көп ет жинайтын қасиетін сақтай ма жоқ па. Сол жағы анықталады. Әзірге ондай зертхана ғимараты салынып жатыр. Канадалық әдіске бет бұрған фермердің басты мақсаты етті бағыттағы шаруашылықты дамыту.Сонымен қатар мал азығына кететін шығынды азайту.

Қуаныш Сүлейменов, асыл тұқымды мал зауытының бас директоры, қазақтың ақбас сиыры республикалық палатасы директорлар кеңесінің төрағасы

– Қазіргі таңда дайындалып жатқан шөптен 30 процент аз шығады. Мал одан сапасын жоғалтпайды. Экономикалық пайдасы жоғары деңгейде болады. Бұл әдіс қуаңшылықта пайда көрсететін жағдайға әкеледі. Канадалық мамандар оңтайлы тәсілді көрсетті. 20 бас малдың жеген азығы 40 процентке аз шықты. Бірақ берген салмағы жоғары нәтиже көрсетті.

Қазақтың ақбас сиыры ыстыққа да, суыққа да, шөлге де төзімді. Оның үстіне етті. Тіпті, ерекше салмақ қосып, таң қалдырған түрлері де бар.

Олжас Ибрагимов, бас зоотехник:

– Негізінен сиырлар ең көп дегенде 800-900 келі салмақ береді. Ал Брусок деген бір бұқа болған ол 1300 келі салмақ беріп, бәрін тамсандырған. Сөйтіп  Мәскеудегі көрмеге де қатысып келген еді.

Енді жүргізілген зерттеулер нәтижесін өзге де мал өсірушілермен бөлісеміз, дейді мұндағы фермерлер. Олар бұның соңы асыл тұқымды мал басының өсуіне сеп боларына сенімді.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов