Өскеменде қоғамдық дәретхана құнына қатысты шу шықты  

Өскеменде қымбатқа сатып алынған қоғамдық дәретханаға қатысты шу шықты.

Қала қазынасынан 20 миллион теңгеден астам қаражатқа 7 дәретхана сатып алынғаны туралы ақпарат қоғам наразылығын тудырды. Әкімдік ақпаратына сүйенсек, біреуінің бағасы 3 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейін жетеді. Әлеуметтік желі арқылы пікір білдірген жұрт мұндай қаржыға 2-3 бөлмелі пәтер сатып алуға болар еді дейді. Алайда тапсырыс беруші «Таза Өскемен» коммуналдық мекемесі өкілдерінің өз уәжі бар. Олардың айтуынша, дәретханалардың құны нарықтағы бағадан біршама арзан екен.

Асхат Тәженов, «Таза Өскемен» КМ директорының орынбасары:

– Бұл дәретханалар қысқы ауа райына сай жабдықталған. Сонымен қатар тез бүлінбейді. Сапалы. Жарықтандыру, жылу жүйесіне, орталық коммуникациялар желісіне қосылған. Бұлардың бағасына келсек, аса бір қымбат деуге келмейді. Орташадан төмен болып есептеледі.