Мал азығын арзандатуға 650 млн теңге бөлінді – АШМ

Маңғыстау облысында мал азығын арзандатуға 650 млн теңге бөлінді. Бұл туралы аймақта жұмыс сапарымен барған ауыл шаруашылығы министрі айтты.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биыл да қуаңшылық болмауына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан шаруалар жем-шөп дайындауға ертерек кіріскені жөн. Шама келсе, күн ысығанға дейін малды Батыс Қазақстан және Ақтөбе өңіріне айдаған дұрыс. Министр бұл бағытта әкімдіктермен келісім жүргізуге уәде беріп отыр. Кеше ведомство басшысы фермерлермен кездесіп, жергілікті операторлардың қоймаларын қарап шықты. Төрт түлікті жем-шөппен қамтамасыз ету, аудан әкімдерінің тікелей міндеті екенін айтып, олардың әлі де болса іске ен-жарлығын атап өтті. Маңғыстау облысында 82 мың түйе мен 114 мыңдай жылқы тіркелген. Ұсақ мал саны 363 мыңнан асады.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Жағдай қиын. Біз былтырғыдан игерілмей қалған 650 млн теңгедей резервтен мал азығын арзандатуға ақша бөлдік. Ол ақша өңірге келді. Қазір жергілікті әкімдіктер аула-ауылды аралап, малдың басын түгендеп жатыр. Мал азығын арзандатуға ақша төленетін болады. Азық-түлік корпорациясы тарапынан арзандатылған кебек жібердік. Бары сол 220 тонна болды. Қазір 1 мың тоннадай кебек Маңғыстау өңіріне жіберіліп жатыр. Негізі Қазақстан бойынша кебектің бағасы 75-100 теңгеге дейін.