loader


Түркістан облысының Екпінді елді мекеніне ауыз су құбыры тартылды

Түркістан облысының Төле би ауданындағы Екпінді елді мекенінің тұрғындары ала жаздай ауыз судың азабын тартып, тіршілік нәрінен тарығатын. Себебі көктем шыға Біркөлік шатқалындағы жүзге жуық демалыс орыны етектегі елді мекенді ауыз сумен қамтып отырған құбыр суын жырымдап, халықты сусыз қалдыратын. Ауыл тұрғындары осы мәселені айтып бірнеше мәрте шағымданды. Ал биыл аудан әкімдігі елді мекенге жеке су құбырын тартып берді.

Екпінді елді мекенінде 297 түтін бар. Олар тіршілік нәрін бұрыннан орталықтандырылған су құбыры арқылы бұлақ көзінен алатын.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, тек соңғы жылдары Біркөлік шатқалында демалыс орындары көбейіп, олар ауылдың таза ауыз суына ауыз сала бастаған. Су құбырын кез келген жерінен тесіп, өздеріне бұрып алған. Соның салдарынан жаз бойы төмендегі Екпінді ауылы ауыз сусыз қалған.

Жарылқап Төлегенов, ауыл тұрғыны: 

- Сулар тартылып, азайып қалған жағдайлар болды. Су келмей қалатын әсіресе жазғы шілде мен осы қысқы шілде кездерінде су тоқтап қалатын еді. Су болмай қалған кездерде біз сол бұлақтардан балаларымыз таситын. Құбыр тартылып, қосылғалы бері суымыз жақсы ағып жатыр. Осындай су келгеніне біз қуанышымыз.

Тұрғындар былтыр жазда демалыс орындарының заңсыз әрекетіне шағымданып, жергілікті биліктің назарын өзекті мәселеге аудару үшін жолды жапқан болатын. Мәселе биыл шешілді. Аудан әкімдігі бюджеттен 78 млн теңге қаржы бөліп, ауылға жеке ауыз су құбырын тартып берді. 

Мақсат Жұмабаев, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы: 

- Осы Екпінді елді мекеніне 5 шақырым жерге арнайы демалыс орындарының ешқайсысына қосылмайтын, бұрынғы құбырлардың бәрін демалыс орындарына қалдырылды. Екпінді елді мекеніне диаметрі 215-тік құбырмен жеке құбыр тартылды. Биыл Екпінді елді мекеніне де, мына Қорған елді мекеніне де судан ешқандай кедергі болмайды. Су толық жеткілікті.

Төле би ауданында 55 елді мекен болса, соның 54-і орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылған. Әзірге тек Зертас ауылдық округіне қарасты Жаңакүш елді мекені қалып отыр. Жалпы биыл Түркістан облысындағы елді мекендерге таза ауыз сумен қамтуға республикалық қордан 15 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 24 ауылды таза ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ...