Пікір-сайыс әлеуметтік мәселені шешуге сеп болуда

Түркістан облысының Сайрам ауданында әлеуметтік мәселелерді шешудің ерекше жолы қарастырылған. Қарапайым тұрғындар мен депутататтар, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер бір алаңда бас қосып, өз ойларын ортаға салады. Пікір-талас форматындағы жиында өзекті проблемалар жан-жақты талқыланып, шешу жолдары ұсынылады. Жоба өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл жолғы «Парасат» клубының көшпелі отырысы халқы тығыз орналасқан Қарабұлақта өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Парасат» пікір-талас клубының басты мақсаты – ауыл, аудандағы өзекті проблемаларды ешқандай бүкпесіз, ашық талқылау. Мұнда ешкім атқарылған жұмыс бойынша есеп беріп, сағаттап баяндама жасамайды. Бірден көтерілген тақырыпқа қатысты өткір мәселелер ортаға тасталып, жан-жақты талқыланады. Қатысушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын мемлекеттік қызметшілер мен аудан әкіміне қойып, жауабын ала алады. Бұл жолы жастарға қатысты өзекті мәселесі сөз болды.

Малика Сайлаубек, ерікті:

– Еріктілердің дайындалатын, ақылдасатын ешқандай орны жоқ. Идеяларымызбен бөлісетін орынның жоқтығы қынжылтады.

Жастар арасындағы тағы бір мәселе - жұмыссыздық. Бұл Сайрам ауданында ғана емес, бүкіл облыста, одан қалды республикада өзектілігін жойған жоқ. Мамандардың айтуынша облыста 10 мыңнан астам жұмыссыз жас бар. Олар «жұмыс жоқ» десе, әкімдік құрылысқа жұмыс күші жетіспейтінін айтады.

Уәш Бөрібекұлы, Қасымбек датқа ауылының тұрғыны:

– Мен Қайнарбұлақ өңірінде тұрамын. Жастарға жұмыс жоқ. Қайнар бұлақ Шымкент қаласынан 2 шақырым жерде орналасқан. Әйтеуір жалданса да, қарауыл болса да жастар қалаға барып, күнелтіп жатыр.

Сәкен Қалқаманов, облыс әкімінің орынбасары:

– Пандемия кезінде Өзбекстанмен шекара жабылды. Түркістанда құрылыс тоқтап қалды. Жұмыс істейтін адам жоқ. Біз жұмыссыздық бар дейміз де, жұмыс істейтін адамдарды таба алмаймыз.

Бекжан Айтқұлов, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Техникалық білім де қолға алынбай қалды. Бәрі экономист, заңгер болып кетті. Қазір олардан сұрайтын болса ешкім сварщик, токор болам деп айтпайды. Бірақ осы мамандықтардың жалақысы екі есе жоғары.

Пікір-талас алаңында көптеген пікірлер айтылды. Аудан әкіміне нақты ұсыныстар жолданды. Аймақ басшысы олардың кейбірін жақын арада шешетінін айтып, уәде берді.

Ұласбек Сәдібеков, Сайрам ауданының әкімі:

– Жаңағы біздің еріктілердің отыратын жайлары жоқ, соған 2 қабаттан тұратын ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қарастыру. Жастар сарайы ашылса, 15 бөлме пайдалануға беріледі. Біз бұл жұмыстың қазір жобасын жасап жатырмыз.

Сайрам ауданында бұған дейін дәл осындай «Парасат» пікір-талас клубының 5 отырысы өткен. Сонда көтерілген 28 мәселенің бүгінге дейін 18-і шешімін тапқан. Әлеуметтік мәселелерді шешуде өзінің тиімділігін дәлелдеген жобаны өңір басшысы енді облыстағы басқа аудандарға да енгізуді тапсырып отыр. Алдағы уақытта пікір-сайыс алаңында тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, білім, медицина саласындағы өзекті мәселелер талқыланатын болады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш