Төсекке таңылған қыз спорттың көмегімен аяққа тұрып, әлем чемпионы атанды

Теміртау қаласында тұратын Әлия Сүлейменова 40 жасқа келгенде спортпен шұғылдануды бастап, аз уақытта әлем чемпионы атанды. Ол таэквондоға тек хобби деп қарамайды, өйткені осы спорттың көмегімен төсекке таңылған Әлия аяққа тұрды. 

Әлия Сүлейменова – Әлем кубогінің иегері, Азия чемпионы, Әлемнің және Еуропаның екі дүркін жеңімпазы, таэквондодан қара белбеу иегері, дәрежесі бірінші дан.

Осындай жетістікке ол небәрі 9 жылда жеткен. Ал әуелде спортқа мәжбүрліктен келіпті. Ішкі істер саласында еңбек етіп жүргенде қатты сырқаттанып, 40 жасында омыртқасына күрделі операция жасайды. Дәрігерлер тіпті жүрмей қалуыңыз мүмкін деген қорқынышты үкім шығарады. Мұны естіген Әлия бірден ес жиып, өзін қолға алып, спортпен шұғылдана бастайды.

Әлия Сүлейменова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Басында қорқыныш болды. Арбаға таңылып қалсам, не істеймін деген үрей маза бермеді. Операциядан кейін дәрігерлер барлығы өзіңізге байланысты, спортпен шұғылданыңыз деп кеңес берді. Бірақ күш түсіруге болмайтынын ескертті.

Әлияның қызы Даяна таэквондомен жастайынан шұғылданатын. Сөйтіп анасының алғашқы жаттықтырушысы болды. Ал екі жылдан соң Әлия әлемдік жарыста Қазақстанның абыройын асқақтатады.

Даяна Сүлейменова, таэквондодан Азия чемпионы:

– Ол ең алғаш жаттығуды бастағанда көмектесуімді сұрады. Өзім білетін айла-тәсілдерді үйреттім. Кейін анам спортпен кәсіби тұрғыда айналыса бастады. Нәтижесі керемет. 9 жылда қаншама әлемдік жарыстарда топ жарды. Анам өте мықты адам, жігерлі, еңбекқор.

Қазір Әлияның денсаулығы жақсы. Адвокат болып жұмыс істейді. Қолы қалт еткенде сурет салып, қуыршақ жасағанды ұнатады. Қызы екеуі бірігіп таэквондо мектебін ашып, жас балаларды жаттықтырып жүр.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев