ШҚО-да аудандық кітапхана 20 жылдан бері көшпендінің күйін кешіп келеді

Шығыс Қазақстан облысындағы Көкпекті аудандық кітапхана ондағы том-том кітапты көтерген кітапханашылар осы уақыт аралығында бір емес, бірнеше ғимаратқа көшті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда нақты бір орынға тұрақтай алмай әбден мезі болған. 50 мыңнан астам қоры бар рухани орталық тіпті «аурухананың жансақтау бөлімін де» паналап көріпті.

Белгілі бір тұрағы жоқ болған соң кітапханашылар «көшіңдер» деген пәрменді жиі естиді. Сондықтан кітаптардың таудай болып үйіліп жатуы олар үшін әдеттегі жағдайға айналды. Тіпті оқырмандардың да көзі үйреніп кеткен. Бақытгүл Рысымбетова бұл жерге жиі келеді. Мамандар бірден оның сұраған жинағын үйінді арасынан іздеуге кірісіп кетті. Қанша қиын болса да, тауып берді. Дегенмен бұл жағдай әрбір кітапқұмар адамның жанына бататын көрініс дейді тұрғындар.

Бақытгүл Рысымбетова, қала тұрғыны:

– Осы кітапханаға  келгенде кітаптарға қарап жүрек ауырады, неге десеңіз, кітаптар жыртылып жатыр, жерде шашылып жатыр, бұл кітаптар әдемі болып полкада тұрғанның орнына осындай жағдайда жатыр.

Жиырма жыл ішінде қаншама жердің босағасында отырдық дейді мұндағылар. Балабақша, мектеп, спорт кешені, би залы дейсіз бе барлық жерді аралапты. Тіпті аурухананың жансақтау бөліміне де орналасқан.

Айтжамал Ибраева, Көкпекті аудандық кітапханасының меңгерушісі:

– Барлық жерден аяқ асты көштік, вирус басталған уақытта біз бір күнде көштік аудандық аураханадан мәдениет үйінің би залына көштік, бір жақта отырдық. Одан соң Д.Тұрлыханов атындағы  спорт кешеніне көшіп келдік, онда  бір жылдай отырып  қалдық.

Ақыры кітапханашылардың көксегені енді ғана орындалар түрі бар. Кезінде балалар үйі болған 80 жылдық тарихы бар ескі ғимарат толықтай жөнделіп жатыр. Ол болашақта «Балалар шығармашылық сарайына» айналады. Осындағы ашық та жарық кеңселер кітапхана ұжымына түбегейлі беріледі

Бек Нұғыбаев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Бұрынғы балалар үйі қаншама жыл бос қараусыз тұрып, бұл ғимарат тозығы жете бастаған болатын. Былтыр ПСД жасатқызып, кітапхананы орналастыруға шешім қабылдады.

Жоба құны 125 миллион теңге. Бұл жерде кітапханамен қатар түрлі спорттық және танымдық үйірмелер де жұмыс істейді. Айтпақшы, жалпы облыста 306 кітапхана болса, соның тек 40 шақтысының ғана жекеменшік нысаны бар. Қалғандары түрлі мекемелерден жалға алған кеңселерде қызмет көрсетіп келеді.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов