Алматыда зардап шеккендер жан-жақты қолдауға зәру

Алматыдағы антитеррористік операциялар кезінде оққа ұшып, аман қалған 30 жастағы алматылық әйел Шолпан Бегайдарова аяққа тұрғаныммен, жарақаты әлі де жанына бататынын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

6 қаңтар күні Назарбаев даңғылымен келе жатқанда белгісіз біреулер оның көлігіне оқ атқан. Ауыр жарақатпен ауруханаға түскен Шолпанға күрделі операция жасап, дәрігерлер оның денесінен 3 оқ алады. Шолпан үш баланы өзі асырап отырған жалғызбасты ана.     

Шолпан Бегайдарова, қала тұрғыны:

– Жарақаттарым асқынып, түнде мазам кетті. Терең жарақат болғандықтан, жазылуы қиын екен. Бүгінге дейін маған волонтерлер, журналистер, қарапайым қайырымды жандар көмектесті. Телефоныма хабарласып, жағдайымды сұрап тұрады. Пәтерақымды төлеуге көмектесті. Себебі мен пәтер жалдап тұрамын.

Волонтерлер қоғамдастығы Шолпанмен кездесіп, оған ең бірінші кезекте психологиялық қолдау көрсеткен. Жалпы соңғы екі аптада ерікті белсенділер Алматыда қаңтар оқиғасынан зардап шеккен 7 азаматқа материалдық көмек көрсетіп, 20-ға жуық адамға құқықтық, психологиялық жәрдем берген.

Никита Шведин, волонтер:

Зардап шеккен азаматтар өтемақы алу үшін тиісті құзырлы мекемелермен жұмыс істейміз. Олар көмекті қарапайым азаматтардан емес, мемлекеттен алуы тиіс. Зардап шеккендердің жанайқайы тиісті органдарға жетуі үшін еңбек етіп келеміз.

Қазіргі уақытта қоғамдық мүшелері қаңтар оқиғасынан зардап шеккендердің деректерін жинақтап, олардың қажеттіліктерін сұрастыруда. «Мұқтаж жандар назардан тыс қалмайды», – дейді волонтерлер.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов