Павлодарда түзету мекемелеріне кітап сыйлау дәстүрге айналды

Ертіс өңірінің оқырмандары кітапханалардың қорын молайтуға үлес қосып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал кітапхана ұжымы әдеби кітап алуға шамасы келмейтіндерге тарту етеді. Көзі нашар көретін жандарға арналған кітапхана ұжымы игі шараны дәстүрлі түрде өткізеді. Кітап тапсыратындар да көбейіп жатыр. Бұл жолы біраз кітап түзету мекемелеріне табысталды. Мамандардың айтуынша, жазасын өтеп жатқандар заманауи классикалық әдебиетке құмар. Сөйтіп, түрмелердегі кітапханалар қоры жыл санап толығуда.

Жамал Кенжебекова, көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың директоры:

– Кітаптарды қоқысқа тастауға қола бармайтын оқырмандарымыз оларды бізге тапсырады. Біз жүйелеп, сұрыптаған соң сотталғандардың кітапханаларына тапсырамыз. Мақсатымыз – кітапқа деген қолжетімділікті қамтамасыз ету. Тордың ар жағындағы азаматтар кітапты оқып, өмірге деген көзқарастарны өзгертуі мүмкін.

Асхат Жолаев, облыстық ҚАЖ сотталғандар арасында тәрбие ісі жөніндегі бөлімнің бастығы:

– Сотталған азаматтар ғылыми және классикалық әдебиеттерді оқиды. Сұраныс бар. Сондықтан кітапханалармен әріптестік орнаттық. Мамандар оқырмандар сыйға тартқан кітаптарды бізге береді. Ал біз қорымызды молайта түсеміз. Бұл – тәрбиелік жұмыстың негізі.