ҚР ЭМ: Электр қуатын импорттамау үшін заңсыз майнерлерді тыю керек

Энергетика министрі Болат Ақшолақов заңсыз майнерлердің жұмысынада тоқталды.

«Егер олардың әрекетін тыйсақ, көрші Ресейден электр қуатын импорттамас едік», деді. Министрдің айтуынша, майнингке арналған бір құрылғының өзі 3 бөлмелі пәтердің айлық электр пайдалану көлемінен 8 есе көп тоқ тұтынады. Оның үстіне құрылғының тәулік бойы қосылып тұратынын ескерсек, шығын көлемі өте жоғары. Ведомство басшысы 2021 жылға дейін электр энергиясын тұтыну жылына орта есеппен 2%-ке өскенін айтты. Ал былтыр тұтыну өсімі өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 6,1%-ке артқан. Бұл ретте Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің оңтүстік аймағындағы көрсеткіш 12%-ті құрап отыр.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

– Заңсыз қосылғанның бәрін алып тастайтын болсақ, Ресейден электр қуатын алмауға да болады. Қазір сол жұмысты біз жүргізіп жатырмыз. Әрине, бұл электрогенерацияны дамытатын болсақ, жоспарымыз бойынша 2026 жылға дейін қосымша станцияны іске қосатын болсақ, Ресей Федерациядан алатын импорттың қажеттілігі жоқ болады.