Заңсыз майнерлер азайса, электр қуаты көбейе ме?

2026 жылға дейін елде 7 генераторлық қондырғы салынады. Жалпы қуаты 3 мың мегаваттан жоғары болатын генерациялау блоктарын оңтүстік өңірлерге шоғырландыру көзделіп отыр. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз жиынында айтты. Қазірге дейін 13 инвестициялық келісімге қол қойылды. 

Энергетика министрі Болат Ақшолақов заңсыз майнерлердің жұмысына да тоқталды. Егер олардың әрекетін тыйсақ, көрші Ресейден электр импорттамас едік, деді. Министрдің айтуынша майнингке арналған бір құрылғының өзі 3 бөлмелі пәтерге кететін электр қуатының айлық көлемінен 8 есе көп тОқ тұтынады. Оның үстіне құрылғының тәулік бойы қосылып тұратынын ескерсек, шығын көлемі өте жоғары. Ведомство басшысы 2021 жылға дейін электр энергиясын тұтыну жылына орта есеппен 2%-ке өскенін айтты. Ал былтыр тұтыну өсімі өткен жылғы кезеңімен салыстырғанда 6,1%-ке артқан. Бұл ретте Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің оңтүстік аймағындағы көрсеткіші 12%-ті құрап отыр.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

– Заңсыз қосылғанның бәрін алып тастайтын болсақ, ресейден электр қуатын алмауға да болады негізі. Қазір сол жұмысты біз жүргізіп жатырмыз. Әрине бұл электрогенерацияны дамытатын болсақ, жоспарымыз бойынша 2026 жылға дейін қосымша станцияны іске қосатын болсақ, ресей федерациядан алатын импорттың қажеттілігі жоқ болады.

ТОҚ ЕТЕРІ, АЭС ПЕ?

Электр тапшылығын жою мәселесінің тоқ етері тек атом электр станциясы ма? Ал баламалы қуат көздерін көбейтсек, түйткіл түйіні шешіле ме? Министр бұл сұраққа былай жауап қатты.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:

– Сала сарапшылары да жақсы біледі. Жаңартылатын қуат көздері бәлкім қауіпсіз шығар. Бірақ баламалы энергия өндіру құны жоғары. Сәйкесінше саудадағы тарифі де жоғары болады. Екіншіден, жаңартылатын қуат көздерін өндіретін станциялар көп жағдайда ауа райына тәуелді. Осыған байланысты олар негізгі қызметті атқара алмайды.

Сарапшы Жақып Хайрушев те бұл пікірмен келіседі. Оның айтуынша, министр айтқан идеялар көңілге қонымды. Әсіресе, атом электр станциясының құрылысы төңірегіндегі көптеген сұрақтарға нақты жауап берді, дейді маман.

Жақып Хайрушев, сарапшы:

– Атом электр станциясын салу төңірегіндегі мәселелер 50 процентке шешілді десек артық айтқандық емес. Тапшылық тудырған қуат көлемі мен құрылыс мерзімі туралы нақты айтылды. Қалып тұрғаны жобалауға тендер жариялау керек. Бірақ қай елдің технологиясына тоқталамыз? Менің ойымша, бұл жобаға бір емес, бірнеше шет елді қатыстыру керек. Мәселен, 3 түрлі технологияны жұмылдырған соң, жұмыс барысында қайсысы тиімді болады, соны қалдыру қажет.

 

Еске сала кеткен жөн, елде электр энергетикасы саласында 24 мыңнан астам маман бар. Және жыл сайын 3 мың жас маман отандық және шетелдік оқу орындарында білім алып келуде.