Тазартылмаған жол үшін 100-ден астам шенеунік жазаланды

Ақтөбе іргесіндегі Жаңақоныс ауылының тұрғындары қыс түссе таяқ тастам жердегі шаһарға бара алмай әлекке түсседі. Себебі қыс түссе қардан жол аршылмайды. Енді өңірде осы жол жағдайына немқұрайлы қарағаны үшін 100-ден астам лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында аудан орталықтары мен ауылдық округ әкімдері және өзге де шенеуніктер бар. Ал салынған айыппұлдың көлемі үш миллион теңгеден асады. Егер күтіп-ұстау жұмысы талапқа сай жүрмесе, жауаптыларды жазаға тарту жалғасуы мүмкін. Бүгінде жол жағдайын бақылау жиілей түскен. 

Қала іргесіндегі Жаңақоныс ауылы қыс түссе қаламен қатынасы қиындайтын елді мекендердің бірі. Соңғы күндері жауған қалың қардан мұнда тек орталық көшелер ғана тазартылған. Ал екінші деңгейдегі жолдарға әзірге арнайы техника кірмепті. Қолына күрек ұстаған тұрғындар мен қарға тіреліп, жүрісі баяулаған көліктерді жиі көруге болады.

Полиция департаменті мен «ҚазАвтоЖол» және өзге де жауапты мекеме мамандарынан құралған топ осы секілді облыс көлеміндегі ауыл-аймақ пен түрлі маңыздағы жолдарды 580 рет тексерген. Нәтижесінде, талапқа сай уақытылы тазартылмаған, күтіп-ұстауда кемшілік жіберілген жүздеген дерек анықталыпты. Ал, елді мекендердің ішкі және көрші ауылдарға баратын жолдарының біраз күн мүлде тазартылмай қалуы Ойыл, Ырғыз, Әйтеке би аудандарында жиі кездескен. Мұндай немқұрайлылық жауаптылардың айыппұл арқалауына себеп болды. Қыс түскелі бері жолды күтіп-ұстау талабын орындамағаны үшін 104 тұлғаға қатысты шара қолданылған.

Әлібек Ташенов, әкімшілік Полиция басқармасының бөлім инспекторы:

– Төрт аудан орталығының әкімдеріне хаттамалар толытырылып, әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар өз деңгейінде жолдарды күтіп-ұстауға байланысты жұмыстарды атқармағаны үшін 11 ауылдық округ әкіміне хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Қыс мезгілінде жолдарды күтіп-ұстауға жауапты мекемелерге да әкімшілік хаттамалар толтырылып, әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдың көлемі 3 млн теңгені құрайды.

Ал әкімдік өкілдері қыс мезгіліне қажетті жұмысшы мен техника күші жеткілікті екенін айтады. Тіпті, аудандық маңыздағы жолдарға да жауапты мердігерлер бекітілген. Табиғаттың тосын мінез танытуына орай жедел қимылдауға мүмкіндік беретін ортақ желі де іске қосылыпты. Сондықтан бұл салада күрделі мәселенің болмайтынына сенімді. 

Рүстем Төреғалиев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

– Апта сайын әкімшілік полиция департаментімен бірлесіп, үнемі жол қарау жұмыстары жүргізіліп тұрады. Қазіргі таңда барлық жол учаскелері бойынша мердігер мекемелермен келісімшарт орнатылды. 92-ге жуық техника қазір жұмылдырылды, жұмыс жасауда. Аудандық маңызы бар жолдарда шамамен 145 техника жұмыс жасап жатыр. Жалпы, 2022 жылға 1 млрд 150 млн-дай қаражат бөлінді. Оның ішінде 800 млн-ы облыстық маңызы бар жолдарға болса, аудандық маңызы бар жолдарға 350 млн теңгедей қаражат бөлінді.

Айта кетейік, бүгінде жергілікті маңыздағы жолдардың жалпы ұзындығы 4 400 шақырымнан асады. Басым бөлігі аудандардың аумағында жатыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев