Бейжің-2022: қазақ спортшылары жүлдеге іліне алмады

Бейжің олимпиадасының кезекті күнінде де қазақ спортшылары жүлдеге іліне алмады. Бүгін акробаттар бақ сынаған. Ақмаржан Қалмырзаева іріктеуден сүрінбей өтіп, финалға жетсе де, қазақ елі көптен күткен медальға қол жеткізе алған жоқ. Бәсеке қалай өрбіді?

Бейжің ойындары біздер үшін аяқталды десекте болады. Олай дейтініміз жүлде аламыз деген соңғы үміт акробаттарда болған. Таңертеңгісін асай-мүсейімізді алып Чжанцзякоуға тарттық. Жол бойы Жанбота мен Ақмаржанның тілеуін тілеумен болдық. Іріктеу кезеңі кеше өту керек болған. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты бүгін түскі уақытқа ауыстырылған еді. Жасыратыны жоқ, финалға Ақмаржан емес, Жанбота жетеді деп топшыладық. Алайда іріктеуде Қалмырзаева ірілік танытты. 98,68 ұпай жинап, финалдық кезеңге жолдама алды. Ал кешке басталған ақтық сайыста Ақмаржанның асығы алшысынан түспеді. Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады емес пе, бірінші жаттығуында құлап қалған Қалмырзаеваның екінші жаттығуда шаңғысы шешіліп кетті. Төрешілер үшінші рет мүмкіндік берді. Бұл жолы сауаттылық танытқанымен қазылардың бағасы аздау болды. Осылайша Ақмаржан Қалмырзаева жарысты 11-ші болып аяқтады. Жарыстан кейін екі көзіне ерік берген қандасымыздың екі ауыз сөз айтуға әрең шамасы келді. Әрине, жарыстан кейін сұхбат беру оңай емес. Спортта қуаныш пен өкініш, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді емес пе? Қайсар мінезі үшін қарындасымызға алғыс айтып, арқасынан қақтық. Ең бастысы жарақаты ауыр болмасын деп тіледік. Бір кездері байрақты бәсекелерде ел намысын қорғаған Жібек Арапбаеваны да жарыс маңынан жолықтырдық. Қыздарымыздың орындаған жаттығулары өте күрделі, тіпті өзгелерге қарағанда сауатты орындады. Бірақ қазылар қырын қарады дейді жаттықтырушы.

Жібек Арапбаева, фристайлдан ұлттық құраманың аға бапкері:

– Қақаған қара суыққа қарамастан, қазақ жұртын қуантқысы келген қара көздерімізге бір жүлденің бұйырмағаны өкінішті. Болмаса, кейбір спортшылар секілді ақталуды ар санайтын Жанбота мен Ақмаржанның жүлде үшін жанын салғандарына куәміз. Осындай қайсар мінезді, елін жерін шексіз сүйетін батыл жүректі ұл-қыздарымыз барда қазақ спорты әлі талай биікті бағындырады деп білеміз.

Жандос Айтбайұлы, Дәурен Жұрхабаев