Құлдықта өткен 10 жыл: Шымкентте адам саудасына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Шымкентте «Көмек» оңалту орталығының көмегіне жүгінген әйелдің тағдыры қылмыстық істің қозғалуына арқау болды. Себебі өзінің айтуынша қаршадай қызды қаскөйлердің қолына өзге емес, өз ата-анасы жыныстық құлдыққа сатып жіберген. Әбден қорлыққа төзіп, зәбір көрген әйел он жыл дегенде қашып құтылған. 

Жүзін жасырып есімін Нигора деп таныстырған әйел Өзбекстанның тумасы екен. Он жасында ата-анасы қомақты қаржыға белгісіз тұлғаларға сатып жіберіпті. Әуелі Сарығаш ауданына жыныстық құлдыққа жеткізіліп, жәбір көрген. Кейін Шымкентке жеткізіліп, қараңғы қапаста қаскөйлердің арам кәсібіне жегілген. 

– Әкем нашақор, анам ішімдікке салынып кеткен еді. Олар сол үшін ақшаға барын беруге дайын тұрды. Оларға бала керек емес. Олар мені сатып жіберген кезде маған қатты қиын болды. Қазір оларды көргім келмейді. Іздеп бару да ойымда жоқ.

Есім-сойы әлі де нақтыланбаған кейіпкеріміздің кейінгі өмірі де өлім мен өмір арасында өткен. 10 жыл дегенде жыныстық құлдықтан қашып құтылып, шаһар өміріне бейімделе алмай күн кешкен. Сөйтіп тағы қара жұмысқа жегіліп, құлдықтың екінші кезеңін бастан өткеріпті.

– Соққыға жығылған кездерім көп болды. Темірмен ұратын. Егер қазір біреу айқайласа қатты қорқамын. Менің бүкіл денемде тыртық іздері бар. Иттерге қапқызатын бізді. Ал оған көнбеген қанша адамды қарумен атып өлтіріп тастады.

Ордабасы ауданына қарасты жапан даладағы қораны суреттеген Нигора ол жерден де әлде біреулердің көмегімен құтылып шыққан. Кейін бір жігітпен бас қосып, жүкті болғанын айтады. Қазір бір жасар ұлы бар. Бірақ күйеуі 6 айында тастап кетіпті. Осылайша еріктілердің көмегімен оңалту орталығына жеткізілген.

Малика Жүсіпова, қалалық «Көмек» оңалту орталығының директоры:

–  Бұл күлуді білмейді ғой. Көзінде тек қорқыныш пен үрей. Қанша уақыт болса да ұстаймыз. Тексеру мақсатында. Жұмысқа орналастырамыз. Баланы детсатқа орналастырамыз. Соған енді жағдай жасау керек. Өйткені қазір мұны жіберетін болса тағы да еңбекгін біреу жеуі мүмкін.

Қазір аталған жағдайға байланысты қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Бірақ Нигоратының түп құжаты мен шын есімі әлі анықталған жоқ.

Мөлдір Бекеева, қалалық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы:

– Аталған жайт бойынша полиция қызметкерлерімен ҚР ҚК-нің 128-бабымен «Адам саудасы» қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі таңда іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, оның шеңберінде көрсетілген мәліметтердің шынайылығы да тексерілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Қазір орталықтың қызметкерлері кейіпкерді оңалту шараларын жүргізіп жатыр. 29 жастағы әйелге жазу-сызуды үйретіп, қажетті психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Ал бұл орталықта Нигорадан өзге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабын тартқан 48 әйел мен жыныстық жәбір көрген 5 келіншек бар.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов