Елімізде соңғы тәулікте 1400 көлік блокбекетте тұрып қалды

Жалпы соңғы тәулікте елде мың жарым көлік блокбекеттерде тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты. Күні кеше ауа райының қолайсыздығына байланысты 10 облыста ескерту жарияланған еді. Олардың қатарында Солтүстік өңірлер, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары бар. Бірақ боранның бәсеңдеуіне байланысты жолдағы жағдай біршама тұрақталды дейді құтқарушылар. Осыған орай уақытша шектеу тек жүк көліктерінің қозғалысына қойылған.

Ақтүтек боран кесірінен дала түгілі қалада жүру қиындай түсті. Омбы қар жаяу жүргіншілерді де, көлік жүргізушілерін де әбден әбігерге салды. Әсіресе елордада жел екпіні секундына 20 метрге дейін күшейіп, бұрқасын соғуда.

Талғат Уәли, ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:

– Учаскеге келуіміздің себебі өздеріңіз білетіндей, елорда маңайындағы жақын маңда орналасқан ауылдардың тұрғындары қалаға қатынап, жұмыс істейді. Ондай тұрғындарды біз өздерінің үйлеріне дейін қайтуға рұқсат беріп, блокбекеттен өткізіп жатырмыз. Бірақ та жеңіл көліктердің көбі Жібек жолы ауылына дейін барамыз деп, Қарағанды және Ақмола облыстарына қарай шығып кетіп жатқан жағдайлар кездесіп жатыр.

Өткен тәулікте ел бойынша 1400-ге жуық көлік блокбекетте тұрып қалған. 21 техника қар құрсауынан шығарылып, 149 адам жылыту бекетіне орналастырылды.

Қаһарман Оразалин, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі департаментінің бастығы:

– Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен оңтүстіктің таулы аймақтарында жолдағы жағдай күрделі. Соңғы тәулікте үсік шалғандар мен боран кесірінен қайтыс болғандар туралы хабар түспеді.

Бүгінгі таңда 1300-ге жуық құтқарушы кез келген сәтте көмекке келуге әзір. Әр жасақ жол талғамайтын техникамен қамтамасыз етілген. Трэкол және Марш Нива сияқты 83 көлік бар. Жолда қалған жолаушылар 112 немесе 101 номеріне хабарласа алады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Соңғы тәулікте 300-ге жуық адам қар құрсауынан шығарылды. Оның ішінде 30-ы бала. Қазір еліміздің бірқатар аймағында ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жарияланды. Осыған орай Төтенше жағдай министрлігінің мамандары ұялы телефонға келетін СМС-хабарламаларға мән беріп, алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров

Сондай-ақ...