ҰҚК қызметкерлері тергеу тобынан шеттетілуі тиіс – А.Омарова

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қаңтар оқиғасына қатысты құрылған ведомствоаралық жедел-тергеу тобынан шеттетілуі керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Белгілі құқық қорғаушы Айман Омарова баспасөз мәслихатында осындай бастама көтерді. Адвокаттың пікірінше қауіпсіздік қызметкерлері тиісті деңгейде қызметтерін атқара алмаған. Айман Омарова өзі жетекшілік ететін «Ақиқат» қоғамдық комиссиясы жұмысының нәтижелерімен де бөлісті. Комиссия қаңтар айында құрылған. Оның құрамына қылмыстық іс жүргізу құқығы бойынша маманданған заңгерлер мен құқық қорғаушылар кірген. Олар қажетті материалдарды жинап, тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен қала тұрғындары мен жәбірленушілердің өтінішін тиісті органдарға жеткізуге қолұшын береді. Сондай-ақ Айман Омарова барлық қылмыстық істерге қолжетімділікті қамтамасыз етуді өтінді.

Айман Омарова, «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының төрайымы:

– Акт терроризм және терроризмді насихаттау, билікті күштеп басып алу тағы басқа қылмыстық істердің материалдарын зерттеу керек. Ол қылмыстық істер бәрі ведомствоаралық жедел-тергеу тобында тергеп жатыр. Ол жерде бас прокуратураның тергеушілері арнайы прокуратурасы тергеп жатыр. Олармен тұжырым шығару үшін бізге материалдар керек. Ал бізге ешкім рұқсат берген жоқ. Сол үшін Президенттен сұрайтынымыз соған тапсырма беріп, бізге рұқсат берсе, әйтпесе, біздің бүгінгі айтып отырғанымыз шала болуы мүмкін.