ШҚО-да адам құқықтары жөніндегі уәкіл қаңтар қақтығысында ұсталғандармен кездесті

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қаңтар қақтығысы кезінде ұсталған шығыс қазақстандықтармен жүздесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндағы басты мақсат – қамауға алынған азаматтардың қандайда бір қысымға ұшыраған-ұшырамағанын анықтау. Атқару жүйесі жөніндегі департаменттегілердің айтуынша, тергеу изоляторына жеткізілгендердің барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, заңдық тұрғыдан кеңес берілген. Облыстық прокуратура мен денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен мұнда жылжымалы медициналық кешен жіберілді. Оларға медицинадағы түрлі саланы игерген мамандар қызмет көрсетті. Сапар барысында бақылаушылар тергеу абақтысында отырғандардың тыныс-тіршілігімен танысып, олардың құқықтары мен заңдық мүдделерінің сақталуын анықтауға тырысты. Жабық мекемедегі азаматтар өз кезегінде ешқандай арыз-шағымдарының жоқ екенін мәлімдеді. Шығыс Қазақстан облысындағы тергеу абақтыларына қаңтар айындағы қақтығыстан кейін 100-ден астам адам жеткізілген.