Алматы облысында қаржы бөлінгенмен, ауыз сусыз отырған ауылдар бар

Алматы облысының Көксу ауданына қарасты Қаратал ауылына осыдан 4 жыл бұрын ауыз су құбыры тартылған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 144 миллион теңге бөлініп, игерілді. Бірақ аталған елді мекенде әлі күнге дейін ауыз су жоқ. Аулаларындағы құдық суын пайдаланып отырған тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауда да бірқатар түйткілді мәселелер бар екенін айтып отыр. Өйткені қоқыс тастайтын орынның аумағы ауылдың іргесіне дейін жетіп қалған. Көксу ауданының Еңбекші ауылдық округіндегі Қаратал ауылына ауызсу құбыры тартылғанына 4 жылдың жүзі болды. Жергілікті бюджеттен бөлінген 144 миллион теңге әлдеқашан игерілгенімен, ауылда әлі күнге дейін ауыз су жоқ. Тұрғындар балаламы құдықтан су ішіп отыр. Ал мемлекеттік бағдарлама есебінен тартылған ауыз су құбырын жер асты суы басып қалған...

Светлана Панова, Қаратал ауылының тұрғыны:

– Жаздың күні ол құдықтар аузы-мұрнына дейін суға толып жатады. Үйлерге қалай су жүргізбекші? Түсінбеймін. Ауызсу келе ме, келмей ме ауылымызға, білмейміз. Жергілікті атқамінерлер бізді 3-4 жылдан бері құрғақ уәдеге тойдырып келеді. Тартылған құбырларда су болса, үйлерге беріле бастайтын еді ғой.

Қаратал ауылында 120 абонент бар. Бүгінгі күнге дейін 19 үй орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылуға келісім берген.

Мәрлен Секенов, «Көксу таза су» МКК директоры:

– Набережная көшесінде 19 үй қосылып тұр. Мектепте су бар бізде. Қосылған үйлер қосылып тұр. Келіп арыз жазбай ма? Ешкім келген жоқ қой бізге. Құдықтан қосылып тұр олар.

Әзірге Қараталдағы бастауыш мектеп ғимаратына ғана ауызсу берілген. Қалған үйлердің барлығы құдық суын пайдаланып отыр. Дер кезінде өтініш беріп, құжаттарын реттесе, алдағы көктемнен бастап ауылдағы абоненттер біртіндеп жаңадан тартылған ауызсу құбырына қосыла бастайтынын айтты мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшылары.