Қызылордадағы шағын аудан инфрақұрылымнан жұрдай

Өңірдегі «Ақмаржан» шағын ауданында шешімін таппаған мәселе көп. Тұрғындар су, жол, интернет, тіпті, электр жарығына да  қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызылжарма каналының бергі бетіне қоныстанған мекенге жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметі де жете алмайды. Өйткені қалың жыңғыл, жол жоқ. Қоғамдық автобус та қатынамайды.

Қамбар Бекенов, тілші:

– «Ақмаржан» шағын ауданында тұратын оқушылар осы жалғызаяқ сүрлеумен мектепке қатынайды екен. Өйткені бұл аумақта көше атаулы жоқ. Көріп тұрғандарыңыздай айнала қалың жыңғыл. Оның арасында қаңғыбас иттер мен шибөрілер жүреді. Ал күн жылыса кене қаптайды екен. Өркениеттен жұрдай тұрғындардың басты мәселесі де осы.

Қала шетіндегі шағын аудан тұрғындары ауыз суды тасып ішеді. Су құбыры  жүргізілмеген. Бағаналарды қолдан тұрғызып, электр желісін өздері тартып алған. Осы алабтан 5-6 жыл бұрын жер алған Ғани Кембілбеков қос бөлмелі қоржын тамына бала-шағасын әлі әкеле алмай жүр екен. Газ болмағасын пеш жағып, үйді жылыту қиын. 

Ғани Кембілбеков, қала тұрғыны:

– Жалғыз өзім болғасын бір мезгіл ғана от жағамын. Көмір қымбат қазір, үнемдеймін. Тонналап сатып алатын ақшаның да ыңғайы жоқ. Отынды жан-жақтан шауып жинап қойғанмын. Жыңғыл ғой айналадағы. Суды арғы беттегі әр үйден сұрап аламыз. Біреуден 5 құты, біреуден 3 құты дегендей.

Өтеген Марат, қала тұрғыны:

– Мынау трассадан тарту қиындау деп тұр ғой. Жару керек дейді. Ақша керек пәленбай сом. Адам көбейіп, 20-30 үй керек дейді. Газ келсе, бәрі көшіп келер еді ғой. Сол өтінішіміз.

Раушан Бәйімбетова, қала тұрғыны:

– Маршрут 7 мен 10 келу керек қой. Анау аялдамаға дейін жаяу барамыз, оқушы-студент қыздар бар. Кейде толып келеді, кейде алмайды. Газель жүретіні. Сол автобус болса. Жедел-жәрдем көлігі келеді, бірақ анау жолдан тоқтайды. Бері келе алмайды, жол жоқ. Жыңғылдың арасымен қалай келеді. Шеңгел бәрі.

Қаланың бас жоспарына сәйкес «Ақмаржан» шағын ауданында 36 жер телімі мен 2 көше болуы керек. Дәл қазір салынған 4 үй мен құйылған 4 іргетас қана тұр. Қажетті инфрақұрылым болмағандықтан жер егелері баспана сала алмай жүрміз дейді.

Ғабит Қожахметов, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Тұрғындардың арыз-шағымына байланысты ақылдаса келе, сол жерге жол салу, инженерлік инфрақұрылымды жеткізу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік өтінім әзірлеп, облыстық бюджетке береміз. Тиісті құрылыс бөлімі тарапынан өтінім қаралып, тиісті қаржы бөлінген жағдайда инженерлік инфрақұрылым жеткізілетін болады.

Әкімдік өкілі инженерлік желілердің нақты қай уақытта жүргізілетінін айта алмайды. Сөзінен түсінгеніміз, тұрғындар әлі біраз күтетін сияқты. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев