Өскеменде ерекше балаларды оңалту «тендер-таласқа» түскені үшін шу шықты

Онда мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсету орталығы ауысқан. Ата-аналар бүлдіршіндерді оңалтуға арналған орталық ретінде сенімсіз фирманың таңдалғанына риза емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың ойынша салалық басқарма ерекше балаларға қызмет көрсетуге мүлдем дайын емес мекеменің мүддесін қорғап келеді. Сондықтан бұл мәселенің мән-жайын ашық қарастыруды талап етіп отыр. Кристина Филатова ұлына аутизм диагнозы қойылғанда салы суға кетпеді. Қалай да қатарға қосуға жанталасты. Сөйтіп 3 жыл қатарынан арнайы орталыққа әкелді. Қазір Родионның бойынан үлкен өзгерістер байқалады. Достарымен араласып, буындап оқитын халге жетті. Келесі жылы қарапайым мектептің инклюзвті сыныбына бармақшы. Бірақ анасы оған дейін талай жыл төккен теріміз зая кете ме деп қапаланып отыр.

Кристина Филатова, ата-аналар қоғамдық кеңесінің өкілі:

– Қазір бізді мемлекеттік тапсырыс бойынша басқа бір мекемеге баруға мәжбүрлеп жатыр. Ал біз ондай күмәнді жерге балаларымызды апарғымыз келмейді.Әрине мемлекет берген қаражатты тиімді қолданып, игілігін көрген дұрыс қой. Енді, міне, сол жаңа орталыққа барасыңдар немесе ондай қызметтен мүлдем бас тартыңдар деп отыр.

Насима Омарова да бұрыннан барып жүрген мекеме қызметінің немересінің дамуына қаншалықты оң әсер еткенін байқапты.

Насима Омарова, қала тұрғыны:

– Осында келгелі Асаль сөйлей бастады, еңбектей бастады, нәтижесі жақсы бір жыл келдік. Өйткені мына жерде нәтиже көріп отырмыз жақсарып келеді, сөйлейді еңбектейді, талпынысы жақсы. Мамандар да жақсы, басқа жерге барғысы келмейді.

Осылайша ондаған ата-ана балаларының бұрынғы мекемеде тәрбие алып сауықтыру шараларын сол жерде жалғастырғанын қалайды. Алайда биылдан бастап оларға «жаңа орталыққа барасыңдар» деген пәрмен келген. Бірақ ол жердің «орталық» деген дардай аты болғанмен, «сайда саны құмда ізі жоқ», деп налиды.

Толқын Байшуенова, ата-ана:

– Ол жерді енді білмеймін де, барып едік ашылды деген соң. Барсақ әлі жөндеу жұмысы да бітпей жатыр, жабдықтары да жоқ. Мамандары да жоқ, ондай жерге балаларды апарғымыз келмейді, өзіміз үйренген 2 жарым жыл жүрген осындай жерімізге келгіміз келеді.

Жаңа фирма соңғы 3 жыл ішінде облыстық әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен 250 миллион теңгеге жуық қаражатқа келісімшарт жасапты. Мәселен, биыл кембағал балаларға қызмет көрстеу құқығына ие болды. Наразы ата-аналар бар, оларды тыңдауға келген шенеуніктер бар барлығы осы «жеңімпаз» фирманың жайымен танысып шықты. Көргендері көз қуантпады.Жөндеу жұмыстары енді аяқталған.Тек бірен-саран ғана бала жүр. Бұған қарап, осы жерде 67 баланы оңалту-сауықтыру шаралары жүргізіледі деу қиын. Жиналғандардың шағымын тыңдаған салалық басқарма басшысы енді аталған қоғамдық ұйымға берілген мемлекеттік сатып алу құжаттарын қайта қарастыруды ұйғарды.

Альмира Мусинова, ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жеткешісі:

– Егер бармаймыз деген жағдайда, онда ол балаларға келісімшартын қысқартып, ол балаларға біз ашық мемлекетік сатып алу конкурсын жариялаймыз деген шешім қабылдадық.

Басы дауға іліккен фирма жетекшісі болса, орталық мүгедек балаларға қызмет көрсетуге толық дайын дейді.Тек жолдамамен келсе, болды деп отыр. Тіпті керек болса, келісімшартты бұзып демеушілік сипатында жұмыс істеуге де әзірмін дейді. Сондықтан екінші тарапты түсіністікке шақырады.

Дарын Сағдолдин, қызмет көрсетуші:

– Бүгінге дейін бір ата-ана жолдамамен кеп жатқан жоқ, кеп жатқан кісілердің барлығы айғай-шумен біздің атымызға кір келтіріп, бұлардың мамандары жаман деп  2020 жылғы нәрсені айтады, біз одан кейінгі екі жылда өстік, өндік, өркендедік, осынша үлкен орталыққа қол жеткіздік.

Осылайша енді барлығын жаңадан өткізілетін конкурс нәтижесі шешеді. Дегенмен бұл тұрғыда сатып алу сайысында тағы да «төмен баға ұсынатындардың» жеңетіндері мәлім. Сондықтан ата-аналар, Үкіметке науқас балалар үшін «үнемдеу»болмаса екен деген өтініштерін жеткізді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов