Павлодар облысында көмекке зәру бала көп

Қамқоршылық органдарының жұмысына қатысты шара қолдану керек. Вице-премьер Ералы Тоғжанов құзырлы органдарға бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Екібастұзға барып, пәтерден аш-жалаңаш күйде табылған балаларға қатысты көшпелі отырыс өткізді. Бұл жағдай бірқатар саланың жұмысындағы кемшіліктерді ашып берді. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік  және полиция қызметтері арасындағы байланыстың нашарлығын көрсетті.

Айта кетейік, былтыр облыс аумағында көмекке зәру екі мыңға жуық отбасы анықталған. Олардың біразы мемлекеттен ешқандай көмек алмаған екен. Екібастұздық отбасы бұған дейін әртүрлі елді мекенде көшіп-қонып жүрген. Бірақ еш жерде нақты қолдау көрсетілмеген. Еске сала кетсек, бұған дейін Екібастұз қаласындағы пәтерлердің бірінен төрт науқас бала табылды. Олар ешқандай мемлекеттік органның есебінде болмаған.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларының әкімдеріне бір айдың ішінде әлеуметтік және медициналық көмекке зәру отбасыларды анықтауды тапсырамын. Қамқоршылық органдарының жұмысына қатысты шара қолдану керек. Бала құқығын қорғау қызметін енгізуді, әлеуметтік қорғау министрлігіне қала әкімдіктерімен бірге қиын жағдайға тап болған тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін қарауды тапсырамын. Денсаулық сақтау министрлігіне бір жастан асқан балалардың барлығын скринигпен қамтуды тапсырма беремін.