Елде соңғы үш жылда адам саудасына қатысты 242 адам сотталды

Кейінгі 3 жылда елде адам саудасына қатысты мыңнан аса қылмыс жасалып, 242 адам сотталды. Сорақысы, пандемияның бірінші жылында бұл дерек тіптен 6 есеге өскен.

«Social Development Center» қоғамдық қорының атқарушы директоры Біржан Қазтұрғанов Azattanu.kz ақпараттық ресурсын таныстырды. Жоба құлдыққа тап болып, жәбір көргендерді қолдауды көздейді. «Родник» Әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы» қорының директоры Нина Балабаеваның айтуынша, елімізде құлдыққа түскен шетел азаматтарына қатысты жағдай күрделі. Оларды анықтаған күннің өзінде, арнайы мекемеге орналастыруға рұқсат жоқ көрінеді. Мысалы, қазір елімізде Тәжікстанның 2 азаматы осындай көмекке мұқтаж.

Нина Балабаева, «Родник» әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы ҚҚ директоры:

– Біздің елге әуе жолдары арқылы шетел азаматтары жұмыс іздеп келеді. Сосын құлдыққа тап болып жатады. Егер адамның бостандығы шектелсе, қандайда бір жәбір көрсетілсе, егер оларды жалған үмітпен елге келуге үгіттеген болса, осы белгілер арқылы ол адамның құлдық жағдайына тап болғандығын анықтауға болады. Олар – адам саудасының құрбаны. Жұмыс іздеп келіп, осылайша қиын жағдайға тап болады.